Интернеттің қолжетімділігі мен дамуына ықпал ететін халықаралық Internet Society ұйымы Қазақстан билігіне телекоммуникация нарығындағы бәсекені арттырып, интернет желісіне мемлекеттік бақылауды азайтуды ұсынды. Бұл туралы ұйымның еліміздегі цифрлық байланыс инфрақұрылымының ахуалы мен оны жетілдіру жолдарын сипаттайтын жаңа есебінде айтылған.
Не зерттелді және қандай қорытынды жасалды?
Есеп авторлары Қазақстандағы цифрлық байланыс саласын жан-жақты зерттеп, негізгі тәуекелдер мен мемлекеттік саясаттың интернет сапасына ықпалын талдаған.
Негізгі тұжырымдар мынадай:
- Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым жақсы дамығанымен, кейбір түйткілдер сақталып отыр;
- Телеком нарығын реформалау мен бәсекелестікті арттыру бағытындағы шаралар оң нәтиже берген, бірақ нарықтағы шоғырлануды төмендету үшін әлі де жүйелі жұмыс қажет;
- Қазақстанның жаһандық интернетке қосылуы Ресей желілеріне айтарлықтай тәуелді. Бұл екі ел арасындағы геосаяси қатынас шиеленіскен жағдайда қауіп тудыруы мүмкін;
- Үкімет бұл тәуелділікті азайту бағытында жұмыс істеп жатыр. Мәселен Еуропаға балама бағыт салу жобалары қолға алынған. Мұндай бастамалар интернет тұрақтылығын тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде күшейтуі мүмкін.
Ұсыныстар қандай?
Internet Society Қазақстанға интернет қауіпсіздігін нығайту, шалғай өңірлерге қолжетімділікті арттыру және ашық әрі сенімді цифрлық орта қалыптастыру үшін келесі ұсыныстарды береді:
1. Өңірлік әріптестікті дамыту
Қазақстан көрші елдермен серіктестікті нығайту арқылы байланыс арналарының санын арттырып, интернет тұрақтылығын күшейте алады. Мысалы қазақстандық операторлар мен басқа да мүдделі тараптар Орталық Азия пириң және интерконнект форумы (CAPIF) сияқты алаңдарға белсенді қатысуы қажет. Мұндай координация арқылы Еуропа мен Азияға балама бағыттар жасалып, бір операторға тәуелділік азаяды.
2. Балама қосылу шешімдерін қолдау
Геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстан Ресей желілеріне тәуелділікті төмендетуге тиіс. Бұл үшін Әзірбайжан мен Каспий теңізі арқылы өтетін оптикалық-талшықты инфрақұрылымға инвестиция тарту маңызды. Сонымен қатар, спутниктік интернет провайдерлерін қосымша балама ретінде қарастырған жөн. Алайда тек бір технологияға толық сүйену бақылау мен ақау қаупін арттыруы мүмкін.
3. Шалғай аудандарды интернетпен қамту
LEO (жерсеріктік төмен орбиталы интернет) жүйелерін шалғай және инфрақұрылымы әлсіз өңірлерде резервтік шешім ретінде пайдалануды қарастыру керек. Ұзақ мерзімді перспективада ең тиімдісі оптикалық талшық, дегенмен LEO интернет төтенше жағдайларда уақытша балама ретінде қызмет ете алады.
4. Қауіпсіздік пен құпиялылықты қамтамасыз ету
Қазақстан шифрланған трафикті ұстап қалуға мүмкіндік беретін түбірлік сертификат бағдарламасынан ресми түрде бас тартуы тиіс. Бұл бастама онлайн қызметтерге деген сенімді бұзады және азаматтарды қауіп-қатерге ұшыратады. Провайдерлер мен реттеуші органдар құпия деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, пайдаланушылардың сенімін қалпына келтіру үшін бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Шифрлау ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құралы ретінде танылуға тиіс.
5. Ашық әрі бәсекеге қабілетті нарық қалыптастыру
Интернет нарығында «Қазақтелеком» басымдыққа ие. Бәсекені күшейту үшін мемлекет жаңа провайдерлер мен халықаралық бұлтты сервистердің нарыққа еркін шығуына мүмкіндік жасауға тиіс. Бұл үшін жергілікті қатысу үлесіне қойылатын талаптарды жеңілдету ұсынылады.
6. Интернет-трафик алмасу нүктелерін (IXP) дамыту
Қазақстанда барлық интернет-провайдерлер, контент платформалар мен компаниялар бейтарап әрі ашық алмасу орталықтарына қосыла алуы үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл кідірісті азайтып, транзит шығындарын төмендетеді. Мемлекеттік IXP нүктелерін жекешелендіру немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы басқару инфрақұрылымды жетілдіруге ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, бейтарап дата-орталықтарға инвестиция тарту арқылы жергілікті трафикті ішкі айналымда ұстап, халықаралық байланысқа тәуелділікті азайтуға болады.
7. Интернетті бұғаттау мен контентті бақылаудан бас тарту
Мемлекеттік деңгейде интернетті сөндіру елеулі экономикалық және әлеуметтік зиян келтіретіні белгілі. Сондықтан үкімет бірыңғай интернет шлюзі арқылы трафикті бақылау сияқты міндеттерді жоюы керек. Оның орнына, Қазақстан ашық әрі жаһандық деңгейде байланысқан интернет саясатын ұстануға тиіс. Бұл бизнес, БАҚ және азаматтық қоғам үшін тұрақты цифрлық орта қалыптастырады.
Контекст
Access Now құқық қорғау ұйымы мен #KeepItOn коалициясының дерегінше, үкіметтер наразылықты басып-жаншу немесе ақпарат ағынын бақылау мақсатында интернетті жиі бұғаттайды. 2024 жылы әлемнің 54 елінде 296 интернет өшіру оқиғасы тіркелген. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда едәуір көп (ол кезде 39 елде 283 жағдай болған).