Халықаралық баспасөз институты (IPI) АҚШ әкімшілігінің «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» қызметін тоқтату шешімін айыптады. IPI бұл қадам бүкіл әлемдегі авторитар билеушілердің ықпалын күшейтіп, миллиондаған адамды сенімді ақпарат көзінен айырады деп санайды.
«1942 жылы құрылғаннан бері бұл үш ақпарат құралы авторитарлық режим жағдайында маңызды ақпарат көзі болды. Олар Кеңес Одағы кезіндегі «Қырғи қабақ соғыстан» бастап, бүгінгі Иран, Қытай және Солтүстік Корея секілді елдерде тәуелсіз ақпарат таратумен айналысып келді», – делінген IPI мәлімдемесінде.
«Азат Азия радиосының» президенті және атқарушы директоры Бэй Фанг бұл шешімді «диктаторларға жасалған сый» деп атады. Ал «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» басшысы Стивен Капус «Иран аятоллалары, Қытайдың коммунистік басшылары, Мәскеу мен Минскідегі автократтар медианың 75 жылдан кейін жабылуын тойлайды» деп жазды.
IPI АҚШ билігін бұл шешімді қайта қарауға, өз ақпарат құралдарының жұмысын және қызметкерлерін қорғауға шақырды.
«IPI “Америка дауысы”, “Азат Еуропа/Азаттық радиосы” және “Азат Азия радиосының” мыңдаған қызметкерімен бірге. Олардың көбі еркін баспасөз жоқ елдерде үлкен қауіп-қатерге қарамастан жұмыс істеп келді», – деді IPI атқарушы директоры Скот Гриффен.
Контекст
15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка жаһандық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.
Өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.
Басты беттегі сурет Reuters порталынан алынды.