Грузияда “шетел ықпалының ашықтығы туралы” заңға қарсы шыққан демонстранттар парламент ғимаратына украин ұлтшылдарының – Степан Бандераның портретін жабыстырып қойған деседі. “Проверено” басылымы ақпаратты тексерді.
14 мамырда Тбилисиден хабар таратқан «Звезда» тілшісі Катерина Радомская наразылықтың салдарын көрсетті.
«Парламент ғимараты наразылық күндерінде осылай болды: қабырғаларда ұрандар жазылған, Степан Бандераның фотолары жапсырылған», – деді журналист.
Қазір бұл сюжет арнаның сайтында жоқ, дегенмен оның үзінділері Telegram арнасында және Facebook-те тарады.
Биліктегі «Грузин арманы» партиясының қабылдамақ болған «шетел агенттері» туралы заңға алғашқы наразылықтар 2023 жылы өтті. Адамдар көшеге шығып, қарсы болғаннан кейін заң жобасы кері қайтарылды. Дегенмен 2024 жылғы сәуірде депутаттар сол заңға ұқсас заң жобасын тағы ұсынды. Оған да қарсылар көп болса да, елде бірқатар митиң өтсе де, 14 мамырда заң қабылданды. Наразылықтар әлі жалғасып жатыр. Ел президенті Саломе Зурабишвили де заң жобасына вето қойды, бірақ билік партиясы оны елемей отыр.
Наразылық шараларын Ресей Қорғаныс министрлігіне қарайтын «Звезда» телеарнасы да көрсетті. Сюжеттің бірі «шетел агенті» туралы заңға қарсы шыққандарға арналды. Видеода тілші парламент қабырғасын нұсқап көрсетеді: ол жақта ақшыл көк фонда адамдардың суреті бар плакаттар шынымен де көрінеді.
Бірақ видеода плакаттар алыстан көрініп тұр, сондықтан ондағы адамның түр-әлпетін көру мүмкін емес. Дегенмен “Проверено” басылымының журналисі Валерия Файзуллина дәл сол күні түсірілген суретті бөлісті. Онда плакатта бейнеленген адамның суреті жақсырақ көрінеді.

Дәл осындай плакатты 1 мамырда «Еуропалық Грузия» оппозициялық партиясының мүшесі Тамара Черголейшвили Facebook-те жариялады. Плакатта бейнеленген адам украин ұлтшылдарының жетекшісі Степан Бандераға мүлде ұқсамайды.

Шын мәнінде, бұл – грузин символист ақыны Тициан Табидзе. Грузиндер үшін Тициан Табидзе – саяси қуғын-сүргіннің басты символдарының бірі.
Ал екінші жағында шошқа кейпінде тұрған адам – «Грузин арманы» партиясының төрағасы және 2024 жылғы қаңтарға дейін елдің премьер-министрі болған Ираклий Гарибашвили.
Осылайша, ресейлік телеарнаның сюжетіндегі плакаттардың Бандераға еш қатысы жоқ. «Звезда» тілшісі не қателесті, не көрерменді әдейі шатастырып отыр.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.