Илон Масктың жасанды интеллект саласындағы xAI стартапы X платформасынан «қоғамға жат» жазбаларды өшіріп жатқанын мәлімдеді. BBC басылымының орыс қызметінің жазуынша, бұл Grok чат-боты (чат-бот X желісіне біріктірілген) берген даулы жауаптардан кейін болып отыр.
The Guardian басылымы хабарлағандай, Grok Адольф Гитлерді мақтап, өзін MechaHitler деп атаған. Оған қоса, бот қолданушыларға антисемиттік сипаттағы жауаптар берген.
«Аталған контент туралы білгеннен кейін, xAI Grok AI-дың өшпенділікке толы жауаптарын X желісінде жарияламай тұрып бұғаттайтын шаралар қабылдады», – делінген компания таратқан мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, Grok пайдаланушылардың сұрағына Техастағы су тасқыны кезінде балалардың қаза тапқаны туралы жаңалыққа қуанған адамдар жайлы айтқан. Боттан «XX ғасырдағы қай тарихи тұлға мұндай пікірлерге лайықты жауап бере алар еді?» деп сұрағанда, ол «Адольф Гитлер» деген. Бұл оқиға xAI компаниясы Grok чат-ботының жаңа нұсқасы Grok 4-ті іске қоспақ болған сәтпен тұспа-тұс келіп отыр.
Өткен аптада Илон Маск X желісінде чат-боттың жаңа нұсқасы айтарлықтай жақсартылғанын мәлімдеді. Алайда ол жаңа нұсқаның қандай ерекшелігі барын нақтыламады.
Бұл – Grok чат-боты төңірегіндегі алғашқы дау емес. Бұған дейін бот мүлдем қатысы жоқ сұрақтарға Оңтүстік Африкадағы «ақ нәсілділерге қарсы геноцид» туралы жауап берген. Ол кезде компания чат-бот әрекетін «алгоритмге рұқсат етілмеген өзгеріс енгізілгеннен» деп түсіндірді.
xAI компаниясы Grok чат-ботын 2023 жылғы қарашада таныстырған. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл бот өзге модельдерге қарағанда «цензураға ұшырамайды», «әзіл-қалжыңды түсінеді» және «өткір сұрақтарға жауап беруге қабілетті».