Google «Жасанды интеллект принциптерінен» қару-жараққа қатысты тармақты алып тастады

Google компаниясы «Жасанды интеллект (ЖИ) принциптерінен» осы технологияны қару жасау сияқты қауіпті мақсаттарда қолданудан бас тарту туралы тармақты алып тастады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Bloomberg зерттеген скриншоттарға сәйкес, бұрын бұл құжатта «Біз қолданбайтын жасанды интеллекті пайдалану бағыттары» деген бөлім болған. Онда «зиян келтіруі мүмкін немесе келтіретін технологиялар», соның ішінде қару-жарақ туралы айтылған. Алайда бұл тұжырым енді құжатта көрсетілмейді.

Google өкілі басылымға берген жауабында жақында компания блогында жарияланған жазбаға сілтеме жасады.

«Біз демократиялық елдер жасанды интеллекті дамытуда жетекші рөл атқаруы керек деп есептейміз. Бұл процесте негізгі құндылықтар – бостандық, теңдік және адам құқықтарына құрмет назарға алынуға тиіс», – деп жазды Google-дың аға вице-президенті Джеймс Маньика мен Google DeepMind зертханасының жетекшісі Демис Хассабис.

Олардың айтуынша, ортақ құндылықтарды ұстанатын компаниялар, үкіметтер мен ұйымдар ЖИ технологияларын адамдарды қорғауға, жаһандық дамуға және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыттауға тиіс.

Контекст

2024 жылы Қазақстан үкіметі жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын түрлі экономикалық салаға енгізу стратегиясын бекітті. Стратегия 2024-2029 жылдарға арналған.

Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған байланысты түзетулерді қарастырып жатыр. Бұл құжат ЖИ технологияларын қолданудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар заң жобасында автономды ЖИ технологияларын жасауға және пайдалануға тыйым салу ұсынылды.

Журналист

Factcheck.kz