Google іздеу жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі AI Mode атты жаңа функцияны кезең-кезеңмен енгізуді бастады. Бұл туралы The Verge жазды.
AI Mode — пайдаланушы сұранысына ЖИ көмегімен нақты әрі қысқаша жауап беретін жаңа іздеу форматы. Бұл жүйе Google-дың бұрынғы AI Overviews мүмкіндігінен ерекшеленеді. Онда жауаптар Google іздеу индексінен алынған нақты ақпаратқа сүйеніп құрастырылады. Пайдаланушы әдеттегі ұзын сілтемелер тізімінің орнына, қажетті мәліметті бірден алады.
Жаңа режим Google Search жүйесінде жеке бөлім ретінде орналасады және «Барлығы», «Суреттер», «Бейнежазбалар», «Сатып алу» секілді стандартты бөлімдердің сол жағында көрінеді.
Google бұл бастаманы Perplexity және OpenAI ChatGPT сияқты заманауи ЖИ іздеу жүйелеріне балама ретінде ұсынып отыр. Компанияның айтуынша, AI Mode дәл уақыттағы ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік береді әрі дәстүрлі чат-боттарға қарағанда анағұрлым өзекті жауаптар ұсынады.
AI Mode-қа мына функциялар қосылды:
- Пайдаланушының іздеу тарихы автоматты түрде сол жақтағы панельде сақталады, бұл алдыңғы сұрақтарға қайта оралып, оларды жалғастыруды жеңілдетеді.
- Өнімдер мен орындарға қатысты интерактивті карточкалар пайда болды. Онда жұмыс уақыты, пайдаланушылардың пікірлері мен бағалары, өнімнің суреттері, бағасы және жеткізу мәліметтері көрсетіледі.
AI Mode толықтай енгізілгенге дейін сынақ режимінде қолданылады.
Контекст
Бұған дейін OpenAI ChatGPT платформасында онлайн сауда жасау үшін жаңа функция қосқанын хабарлаған. Жаңа қызметтің көмегімен пайдаланушылар ChatGPT арқылы қандай да бір тауарды іздеген кезде, жүйе сол өнім бойынша ұсыныстар дайындап, суреттер мен тұтынушы пікірін көрсетеді, тікелей сатып алуға болатын сайттарға сілтеме береді.