Google компаниясы Magic Editor қызметіндегі жасанды интеллект (ЖИ) арқылы өңделген фотосуреттерге SynthID цифрлық «сутаңбасын» енгізетінін хабарлады. Функция адамдарға Reimagine редактор құралымен өзгертілген суреттерді оңай тануға көмектеседі. Бұл туралы The Verge жазды.
SynthID – бұл жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өңделген кескіндерді, бейнелерді, аудиожазбалар мен мәтіндерді анықтауға арналған «сутаңба» жүйесі. SynthID цифрлық метадеректерді тікелей файл құрылымына енгізеді, осылайша оның ЖИ көмегімен өзгертілгенін анықтауға болады. Бұған дейін Google Imagen кескіндеріне де осындай «сутаңба» енгізілген.
Басқа компаниялар да осыған ұқсас жүйелерді әзірледі. Мысалы Adobe компаниясы Creative Cloud бағдарламалары арқылы жасалған немесе өңделген материалдарға өз «сутаңбасын» қолданады.
Дегенмен «сутаңба» технологиясы фейктерді анықтауға көмектескенімен, кейбір сарапшылар бұл жүйе жалған контентті тексеруде толық сенімді әдіс емес деп есептейді. Жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген материалдарды нақты анықтау үшін бірнеше әдісті қатар қолдану қажет.
Контекст
ЖИ арқылы жасалған дипфейк кескіндерді анықтау — үлкен мәселеге айналған құбылыс. Google 2023 жылы SynthID құралын ұсынған. Сол кезде компания бұл технологияны визуалды фейктер мен жалған ақпараттың таралуын бақылаудағы маңызды қадам деген.