Google Gemini платформасына ЖИ видео, Deep Research функцияларын қосты

Google компаниясы I/O 2025 конференциясында Gemini жасанды интеллект платформасына бірқатар ауқымды жаңарту енгізгенін хабарлады. Компания мультимодаль мүмкіндіктерді кеңейтіп, өзге де Google сервистерімен интеграция жасайтынын мәлімдеді. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Енді iOS және Android қолданушыларына Gemini Live функциясы қолжетімді болады. Бұл мүмкіндік арқылы қолданушылар Project Astra технологиясының көмегімен дәл уақытта ауызша сөйлесе алады. Сонымен қатар, камера қосу, экран бөлісу мүмкіндіктері іске қосылады. Мысалы пайдаланушы жаңа қалада жүріп, қандай да бір ғимаратты көрсетіп, оның тарихы немесе сәулеті жайлы сұраса, жүйе дереу жауап қайтарады.

Алдағы уақытта Gemini Live Google Maps, Calendar және Tasks қызметтерімен тығыз байланыстf жұмыс істей бастайды. Осылайша, ол жол көрсетіп, күнтізбеге іс-шара қосып, тапсырмалар тізімін жасап береді.

Google-дің айтуынша, қазіргі таңда Gemini-дің ай сайынғы белсенді қолданушыларының саны 400 миллионға жеткен әрі бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделіп отыр.

Gemini-дің кеңейтілген зерттеу жасауға арналған Deep Research мүмкіндігі де жаңартылып жатыр. Енді пайдаланушылар жеке PDF құжаттары мен суреттерді жүктей алады. Жүйе бұл материалдарды ашық дереккөздермен салыстырып, жеке есептер жасайды. Болашақта Deep Research қызметі Google Drive және Gmail жүйелерімен бірлесе жұмыс істейді.

Одан бөлек, Gemini енді оқушылар мен студенттерге қиындық тудыратын тақырыптар бойынша тестер жасай алады. Қолданушы сұраққа дұрыс жауап бермеген жағдайда, жүйе қосымша тапсырмалар мен оқу жоспарын ұсынады.

Журналист

Factcheck.kz