Еуроодақ «Азаттық радиосына» 5,5 млн еуро көлемінде көмек береді

Еуропалық одақ «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» жұмысын қолдау мақсатында 5,5 миллион еуро көлемінде қаржы бөлмек. «Азаттық радиосының» жазуынша, бұл туралы 20 мамыр күні ЕО-тың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кая Каллас хабарлады.

Калластың айтуынша, ЕО-қа мүше мемлекеттердің саясат жетекшілері медиакорпорацияның маңызды қызметін қолдау туралы бірауыздан шешім қабылдаған.

ČT24 телеарнасының мәліметінше, аталған қаражат «Демократия үшін Еуропа қоры» атты үкіметтік емес ұйым арқылы аударылады. «Азаттық радиосына» қаржы іздеуге бағытталған Еуроодақ бастамасына Чехия үкіметі жетекшілік етеді.

Каллас ЕО ұйымы радиокорпорацияның барлық шығынын толықтай өтей алмайтынын, дегенмен тәуелсіз ақпаратқа зәру, көршілес орналасқан елдерге көмектесуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар ол АҚШ тарапынан көрсетілетін қолдаудың азаюына байланысты, Еуроодақтың бұл бағыттағы стратегиялық ұстанымдарын қайта қарастырып жатқанын жеткізді. Каллас алдағы уақытта қаржылық қолдаудың арта түсетініне үміт білдірді.

Контекст

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка ғаламдық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойған. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.

АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.

Бірақ АҚШ апелляциялық соты 7 мамыр күні Америка ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) «Азат Еуропа/Азаттық радиосына» сәуір айына тиесілі 12 миллион долларды беруге тиіс деп шешті.

Басты беттегі сурет «Азаттық радиосынан» алынды.

Журналист

Factcheck.kz