Ақпанда Еуропада «өндірушілерге тағамға қоңыздың дернәсілінен жасалған ұнтақты қосуға рұқсат беретін жаңа заң қабылданды» деген ақпарат тарады. «Проверено» басылымы мәлімдеменің рас-өтірігін анықтады.
ЕО-дағы құжат не дейді?
2025 жылғы 20 қаңтарда «Еуропалық одақтың ресми журналында» жарияланған құжатта расымен ұн құрты туралы айтылған. Онда Еурокомиссия ультракүлгінмен өңделген Tenebrio molitor (сары ұн құрты) дернәсілдерінің ұнтағын тағам өнімі ретінде сатуға рұқсат беретіні көрсетілген.
Дернәсілдерден жасалған ұнтақты өңдеуді D3 дәруменін (холекальциферол) өндірумен айналысатын Nutri’Earth компаниясы тіркеген. Компания 2019 жылы өтініш берген. Еуропаның азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі ұнтақ пен оны өңдеу әдісін сараптамадан өткізіп, компанияға рұқсат берді.
Қай өнімдерде қолдануға болады?
Еурокомиссия құжатына сәйкес, Nutri’Earth компаниясы ультракүлгінмен өңделген Tenebrio molitor дернәсілдерінен алынған ұнтақты нан мен тоқаш өнімдерінде, торттар мен макаронда, картоптан жасалған қайта өңделген тағамдарда, ірімшік өнімдерінде, жеміс-көкөніс компоттарында қолдана алады.
Өнімдерде арнайы таңбалау болуы шарт. Біріншіден, олардың құрамында ультракүлгін сәулемен өңделген D дәрумені бар екені көрсетілуі керек. Екіншіден, дернәсіл ұнтағының бар екенін көрсету міндетті, себебі кей адамдарда жануар ақуызына немесе шаянтәрізділерге аллергия болуы мүмкін. Сонымен бірге құжатта бұл ұнтақ ЕО-ның жаңа тағам өнімдерінің тізіміне енгізілуі керегі жазылған.
Әлеуметтік желідегі ақпарат қаншалықты рас?
Telegram-да тараған ақпарат негізінен шындыққа жанасады, бірақ кей маңызды жайттар бұрмаланған. Мәселен ұн құртын тағамға қолдану – жаңалық емес. Еурокомиссия Tenebrio molitor дернәсілдерін тағамға пайдалану туралы шешімді алғаш рет 2021 жылғы 1 маусымда қабылдаған. Бірақ 2025 жылғы құжатта сол дернәсілдер ультракүлгін сәулемен өңделетіні жазылған. Оған қоса, құжатта бұл өнімді кең көлемде енгізу немесе міндетті тұтыну туралы айтылмайды. Оны әзірге тек биоқоспалар өндіретін француз компаниясы шығаруға құқылы.
Контекст
Былтыр премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин шегірткемен күрес туралы сұраққа жауабында кей елдерде жәндіктердің тағам ретінде қолданылатынын, тіпті халал өнім санатына кіретінін айтқан. Factcheck.kz бұл мәлімдемені тексерген еді.