eGov Mobile қосымшасында жаңа Nomad Guard қызметі іске қосылды. Бұл қызмет арқылы күмәнді сілтемелер мен сайттарды тексеріп, жеке деректердің таралуын анықтауға болады. Бұл туралы Bes.media «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қоғаммен байланыс басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Nomad Guard қызметінде пайдаланушы жиі кіретін сайттарды немесе нақты сілтемелерді тексеруге мүмкіндік бар. Ол үшін:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Басқа қызметтер» бөліміне өтіңіз;
- тексергіңіз келетін сайттың мекенжайын немесе сілтемені енгізіп, «Тексеру» батырмасын басыңыз;
- нәтижені көру үшін «Менің тексергендерім» бөліміне өтіңіз.
Қызметтің басты бетінде деректердің қай сайттардан таралғаны және ұрланған ақпараттың көлемі көрсетіледі әрі толық тізім де қолжетімді. Ал «Алаяқтық» бөлімінде қолданушылар күмәнді әрекеттер туралы хабарлап, арнайы форманы толтыра алады.
Контекст
Былтыр Factcheck.kz Қазақстанда кибершабуылдардың күрт көбейгені туралы жазған еді. Әсіресе, ел тұрғындарының жеке деректері киберқылмыскерлер үшін оңай олжаға айналған. Біз деректер таралған оқиғаларды жинап, оның қазақстандықтар үшін қандай қауіп төндіретінін түсіндірдік.