DeepSeek корей қолданушыларының дерегін шетелге заңсыз жіберген – PIPC

Қытайлық DeepSeek компаниясы Оңтүстік Корея қолданушыларының жеке дерегін Қытай мен АҚШ-тағы компанияларға заңсыз жіберген. Бұл туралы «Азат Азия радиосы» Оңтүстік Кореяның жеке деректерді қорғау жөніндегі комиссиясына (PIPC) сілтеме жасап хабарлады.

PIPC мәліметінше, DeepSeek 2025 жылғы 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығында деректерді Қытайдағы үш және АҚШ-тағы бір компанияға рұқсатсыз жөнелткен. Бұл кезеңде платформа деректер құпиясына қатысты дау-дамайдан кейін уақытша тоқтатылған.

Компания халықаралық деректерді беру үшін қолданушылардан рұқсат алмаған әрі өз құпиялық саясатында бұл туралы ашып көрсетпеген. Қолданушылар саны сол кезде күніне шамамен 50 мың болған. Жалпы 1,5 миллионға жуық адамның жеке ақпараты заңсыз берілген болуы мүмкін.

DeepSeek компаниясы пайдаланушылардың қосымша деректерімен қоса, жасанды интеллект жүйесіне енгізілген сұрау мәтіндерін де Қытайдағы Volcano компаниясына жіберген. Volcano – TikTok-тың иесі ByteDance компаниясымен байланысты кәсіпорын.

DeepSeek бұл әрекетін қауіпсіздікті жақсарту және қызмет сапасын арттыру мақсатымен байланыстырса да, PIPC мұндай мәліметтерді беру артық болғанын және заң бұзылғанын айтты. Компания деректерді шетелге жөнелтуді 10 сәуірден бастап тоқтатқан.

Бақылау органы DeepSeek-ке заңсыз берілген деректерді жою, Кореяда ресми өкіл тағайындау және деректерді өңдеу жүйелерінің қауіпсіздігін арттыру сияқты бірқатар ұсыныс жолдады. Компания бұл талаптарды 10 күн ішінде қабылдаса, ресми ескерту ретінде қаралып, 60 күн ішінде атқарылған нәрселер туралы есеп беруге тиіс.

DeepSeek-тің чат-бот қосымшасы iPhone қолданушылары арасында ең танымал қызметке айналып, OpenAI компаниясының ChatGPT жүйесін басып озған. Алайда құпиялыққа қатысты даулар мен қосымшаның Қытай үкіметімен байланысы DeepSeek-тің бірнеше елде, соның ішінде Оңтүстік Кореяда бұғатталуына себеп болды.

PIPC DeepSeek елде қашан жұмысын бастайтынын нақты атамады, бірақ компания көп кемшілікті түзегенін айтып, жуық арада қызметін жалғастыруы мүмкін екенін меңзеді. DeepSeek әзірге Оңтүстік Корея билігінің қорытындыларына қатысты пікір білдірген жоқ.

Журналист

Factcheck.kz