Черногория жоғарғы соты «НеМолчи.kz» қорының басшысы Дина Таңсәріні Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Бұл туралы «НеМолчи.kz» хабарлады.
14 сәуір күні құқық қорғаушы Черногорияда ұсталып, Подгорица қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Таңсәрі нақты не үшін ұсталғаны туралы ақпарат берілмегенін, оны экстрадициялауы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Мені жаңа ғана ұстап, Подгорица полициясына әкелді. Ертең экстрадиция бойынша сот болады. Ұсталу себебін түсінбей тұрмын. Мені жай ғана сотқа жеткізуге болар еді, бірақ таңға дейін қамауға алу шешімі қабылданған», — деді Дина Таңсәрі видеожолдауында.
Контекст
«НеМолчи.kz» қоры зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің құқықтарын қорғаумен айналысады.
Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі Алматы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық полиция департаменттері Дина Таңсәріге қатысты алты қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл «жалған ақпарат таратып, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзуға», «алаяқтыққа» қатысты.
Басты беттегі сурет Дина Таңсәрінің телеграм-арнасынан алынды.