Boosty қаржылай қолдау жинау платформасы Ресей билігі «шетел агенті» деп таныған адамдардың аккаунтын бұғаттады. Олардың қатарында белсенділер мен журналистер, мәдениет өкілдері бар. Бұл туралы Deutsche Welle «Верстка» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Бұғатталған пайдаланушылардың Boosty сілтемесі Ресей Әділет министрлігі жүргізетін «шетел агенті» тізімінде тіркелген.
8 сәуір күні мәскеулік саясаткер Эльвира Вихарева Facebook парақшасында өзінің аккаунты бұғатталғанын хабарлады. «Сірә, бұл Ресейде заңды түрде ақша алудың соңғы мүмкіндігі болған шығар. Ешқандай түсініктеме берген жоқ, жай ғана бұғаттап тастады, енді платформаны пайдалану мүмкін емес», – деп жазды ол.
Вихареваның жазуынша, Boosty өкілі «шетел агенттерінің» аккаунты ақша алу және пайдалану тәртібін реттейтін ресейлік заң талаптары бойынша бұғатталды деген. Оның сөзінше, аккаунтты тек барлық ақылы контентті өшіргеннен кейін ғана қалпына келтіруге болады.
Astra басылымының хабарлауынша, Boosty өкілдері «шетел агенттері» енді жазылым арқылы немесе бір реттік төлеммен эксклюзив контент сата алмайтынын мәлімдеген.
«Қысқаша айтқанда, сіздің блогыңыз енді тек ерікті донат жасауға арналған бет ретінде көрінеді, ал жабық контент сатылмайды. Жаңа жазылымдарға арналған батырмалардың атауы өзгереді әрі ақылы жазылымдарға қатысты кейбір функциялар өшіріледі», – деп мәлімдеді компания.
Boosty — авторлық контентті монетизациялауға арналған платформа. Пайдаланушылар бұл сервис арқылы авторларға ерікті қаржылай қолдау (донат) көрсете алады. Boosty платформасы 2019 жылы құрылып, 2024 жылы кипрлік кәсіпкер Павел Харанеканың компаниясына сатылған.
Басты беттегі сурет The Insider басылымынан алынды.