Reuters агенттігінің хабарлауынша, Independent Publishers Alliance (Тәуелсіз баспагерлер альянсы) ұйымы Еуропалық комиссияға Google-дың жасанды интеллект арқылы дайындалған іздеу нәтижелеріне қарсы шағым түсірді. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Шағымда Google-дың жаңалық сайттары мен басқа да басылымдардың уеб-контентін өз ЖИ шолуларында рұқсатсыз пайдаланып отырғаны айтылған. Бұл баспа үшін оқырман саны мен кірістің азаюына, жалпы трафиктің төмендеуіне әкелген. Шағымданушылардың айтуынша, егер баспалар іздеу нәтижелерінен мүлде жоғалып кетуді қаламаса, өз контентін ЖИ шолулардан алып тастауға нақты мүмкіндігі жоқ.
Google былтырдан бері іздеу жүйесіне жасанды интеллект беретін қысқаша жауаптарды енгізе бастады. Бұл функция бастапқыда қателікке толы болғанымен, қазір кеңінен қолданылады және кейбір деректерге сәйкес, жаңалық сайттарына кірушілер санының күрт азаюына себеп болып отыр.
Компания бұл сынға жауап ретінде Reuters агенттігіне: «Іздеудегі жаңа ЖИ мүмкіндіктері адамдардың бұрынғыдан да көп сұрақ қоюына жол ашып, контент пен бизнесті табудың жаңа жолдарын ұсынады», — деп мәлімдеді. Сондай-ақ, компания уеб-трафикке қатысты кей пікірлердің толық емес деректерге негізделетінін, ал сайт трафигінің артуы немесе кемуі түрлі факторларға байланысты болатынын айтты.
Контекст
Disney және Universal кинокомпаниялары бірлесіп, Midjourney атты жасанды интеллект сурет генераторына қарсы сотқа шағым түсірді.
Шағымда айтылғандай, Midjourney авторлық құқықпен қорғалған кейіпкерлерді пайдаланып, оларды заңсыз таратқан. Мысал ретінде «Жұлдыздар шайқасы», «Симпсондар», «Көліктер», «Шрек» және басқа да танымал фильмдердің кейіпкерлері аталды.