Barbie мен басқа да танымал ойыншықтарды шығаратын Mattel компаниясы жасанды интеллект саласындағы жетекші OpenAI компаниясымен стратегиялық серіктестік орнатқанын мәлімдеді. Бұл туралы компаниялар ресми сайтында жариялады.
Келісімнің мақсаты – екі компанияның инновациялық технологияларды жобалау, әзірлеу және оларды жаһандық аудиторияға жеткізу бағытындағы тәжірибесін біріктіру. Mattel мәлімдемесінде:
«OpenAI технологияларын пайдалану арқылы біз жасанды интеллектің сиқырын балалардың жас ерекшелігіне сай ойын процесіне енгіземіз», – делінген.
Компаниялар болашақта нарыққа шығатын өнімдер мен сервистерде қауіпсіздік, құпиялық пен деректердің қорғалуына баса мән беретінін айтты.
Алайда SecurityLab басылымы бұған сақтықпен қарау қажеттігін ескертеді. Ондағы пікірге сүйенсек, генеративті модельдер кейде күтпеген, оғаш жауаптар беріп жатады.
«Кейде ChatGPT-дің ашық нұсқалары қастандық теорияларына ұқсас қисынсыз тұжырымдарға кетіп қалып жатады. Мұндай жағдайлар балаларға арналған ойыншықтарда қайталанса, бұл – алаңдатарлық жайт», – деп жазады басылым авторлары.