Алматыда Темірлан Еңсебектің жақтастарын полиция ұстап әкетті

Алматыда полиция Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің сотына келген Айгүл Нұрболатова, Дархан Шәріпов, Мария Кочнева, Ақторғын Ақкенжебаласы және Қонысбай Ырыскелдіні ұстап әкетті. Бұл туралы «Власть» хабарлады.

Белсенділер сот отырысына бақылаушы ретінде қатысуға рұқсат беруді сұраған. Өтініш орындалмаған соң, олар «Ашық сот!» деп айқайлай бастаған. Осыдан кейін полиция белсенділерге күш қолданып, ұстап әкеткен.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл азаматтар «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

«Наурызбай аудандық сотының ғимаратында бір топ азамат айқайлап, басқа келушілердің қозғалысына кедергі келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзды. Заңды талаптарға бағынудан бас тартқан соң, алтауы Наурызбай аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды», — деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

9 сәуірде Qaznews24 сатиралық жаңалықтар парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты негізгі сот процесі басталған. Еңсебектің өзі сот процесіне онлайн қатысты. Судья Бейнегүл Қайсина Темірланның сот процесіне тікелей сот залынан қатысу туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылып отыр. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Басты беттегі сурет Айсұлу Тойшыбек түсірген видеоның скрині.

Журналист

Factcheck.kz