Facebook-те Димаш Құдайберген сөйлеген видео тарады. Онда әнші «Қазатомпром» инвестициялық платформасын жарнамалап, бір апта ішінде 400 мың теңге табысқа кенелуге болатынын айтады. Алайда бұл жалған ақпарат. Bes.media анықтағандай, видео да, инвестициялық жоба да – жалған. Алаяқтар әншінің келбетін пайдаланып, жасанды интеллект арқылы дипфейк жасап, жанкүйерлерді тұзаққа түсіруге тырысқан.
Жалған видеоны қалай жасаған?
Алаяқтар видеоға «Қазатомпромның» логотипін қойып, Димаш Құдайбергеннің бұрынғы сұхбатынан алынған видеоны дыбыстап, таргет арқылы таратқан.
Жалған роликте Димаштың 2023 жылғы 29 сәуірде Sputnik Armenia радиосына берген сұхбаты қолданылған. Шын мәнінде бұл сұхбатта Димаш Арменияға сапары, шығармашылық жоспарлары мен жеке өмірі жайлы әңгімелеген. Ешқандай инвестициялық жоба туралы сөз болмаған.
Видеоны Facebook-та «Ұлттық даму бағдарламасы» деген парақша жариялаған. Бұл аккаунт 2016 жылы тіркелген, бірақ биыл сәуірде белсенді бола бастаған. Meta компаниясының алгоритмдері жарнамаларды тексергенімен, дипфейкті өткізіп алуы мүмкін. Оның үстіне алаяқтар бір емес, бірнеше жалған аккаунт ашады. Бір жарнама жойылса да, келесісі өз «құрбанын» табуы ықтимал.
«Қазатомпромның» инвестициялық платформасы бар ма?
«Қазатомпром» – Қазақстанның уран, сирек металл және ядролық отын нарығындағы ұлттық операторы. Компания уран өндірумен де айналысады. Оның ресми сайтында алаяқтардың компания атын жамылып, адамдарды алдайтыны туралы ескерту бар. Компания басшысы Мейіржан Юсупов ақпаратты тек ресми сайттан және әлеуметтік желідегі расталған парақшалардан алу керегін айтты. BES.media тілшісі компания сайтынан «Ұлттық даму бағдарламасы» туралы еш дерек таппады.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Жоғары табыс уәде еткен жарнамалар – алаяқтық схемалардың бір түрі. Жылдам әрі оңай пайдаға сенбеңіз. Инвестиция – әрқашан тәуекел. Кім де болса да, нақты табысқа ешкім кепілдік бере алмайды. Әсіресе жарнамада танымал тұлғалар болса, сақ болған жөн. Қазіргі технология танымал адамдардың даусын да оңай жасап бере алады.
Meta алаяқтықпен күресуге тырысқанымен, жарнаманың көбі тек пайдаланушылар шағымынан кейін ғана тексеріледі. Сондықтан күмәнді жарнамаларға шағым жасауды ұмытпау керек.
Басты беттегі сурет stopfake.kz басылымынан алынды.