Алаяқтар балаларды алдап, ата-аналарының банк картасына қатысты мәліметтерді алып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк ресми сайтында хабарлады.
Онлайн-ойындар арқылы банк карталарының дерегін ұрлау жағдайлары көбейген. Алаяқтар өзін компания қызметкерлері немесе ойын әкімшісі ретінде таныстырып, балаларға ойын ішіндегі бонустар мен сыйақылар береміз деп сендіріп, банк картасының нөмірін, CVV-кодын және SMS арқылы келетін растау кодтарын сұрайды.
«Осыған байланысты Ұлттық банк ата-аналарға балаларымен жеке деректерді, банк картасының мәліметтері мен растау кодтарын бөгде адамдарға беруге болмайтыны туралы түсіндіруді ұсынады. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін ата-аналарға балалардың телефонын бақылауға кеңес береді», – делінген хабарламада.
Контекст
Сәуірде Ұлттық банк алаяқтардың мекеменің ресми бланкін пайдаланып, жалған құжаттар таратқаны туралы да ескерткен.