АҚШ-тағы жаңа зерттеу интернеттегі жасырын бақылауды әшкереледі

Cookie файлдарын жойған күннің өзінде, интернеттегі аңду тоқтамайды. Техастағы A&M университеті жүргізген жаңа зерттеу уеб-сайттардың қолданушыларды бақылау үшін браузердің цифрлық «ізін» пайдаланатынын алғаш рет дәлелдеді. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Браузердің «ізі» деп отырғанымыз экран өлшемі, құрылғы моделі, уақыт белдеуі сияқты техникалық параметрлердің жиынтығы. Бұл деректердің әртүрлілігі пайдаланушыны тануға мүмкіндік береді. Cookie файлдарынан айырмашылығы мұндай ізді өшіру мүмкін емес, ал оның бар екенін көпшілік мүлде білмейді.

Бұған дейін ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар мұндай бақылау тәсілі бар деп күдіктенгенімен, оған ресми дәлел жоқ еді. Жаңа зерттеу бұл олқылықтың орнын толтырды.

Ғалымдар браузердің параметрлері өзгергенде жарнама жүйесінің қалай жұмыс істейтінін бақылады. Егер жарнама платформаларының жұмысы өзгерсе, бұл браузер ізі қолданылып жатыр деген сөз. HTTP сұраулары мен дәл уақыттағы жарнама аукциондарын зерттей отырып, мамандар браузер сипаттамалары ауысқанда платформалар жұмысын түбегейлі өзгертетінін анықтады. Бұл браузер ізі жарнама желілерінің шешіміне әсер ететінін, демек ол бақылау құралы ретінде қолданылып жатқанын білдіреді.

Одан бөлек, деректерді бақылауға тыйым салатын заңдарға (GDPR, CCPA) сай, трекиңді өшіргеннің өзінде сайттар оларды айналып өтетін әдістерді қолданып келеді.

Кейбір сайттар браузер ізіне қатысты ақпаратты жарнама аукционына қатысы бар ішкі жүйелерге жолдайтыны белгілі болды. Бұл жасырын жиналған деректер дәл уақыт режимінде пайдаланылатынын, мысалы жарнама бағасын анықтау немесе жарнама түрін таңдауға әсер ететінін білдіреді.

Зерттеушілер қазіргі заңнамалық ережелер мен браузер құралдары бұл мәселені толық шеше алмайтынын айтады. Олар деректердің заңсыз жиналуын болдырмау үшін реттеушілер мен қоғам белсенділеріне арнап арнайы тексеріс құралдарын енгізуді ұсынады.

Журналист

Factcheck.kz