Маусымның аяғында Telegram-арналар мен әлеуметтік желіде АҚШ-та жаңадан салынған мигранттар орталығының суреті тарады. Суретте орман ішіндегі төрт ғимарат бейнеленген, айналасын су толтырылған ор қоршап тұр, ал ішінде аллигаторлар жүзіп жүр. Кейбір жазбаларда бұл қауіпсіздік үшін әдейі ойластырылғаны айтылған. «Проверено» басылымы суреттің рас-өтірігін тексерді.
Тараған ақпаратқа сәйкес, бұл орталық Флорида штатында орналасқан және бейресми түрде «Аллигатор Алькатрасы» деп аталады. Бұл атау әйгілі Алькатрас түрмесіне меңзесе, ал аллигаторлар лагерьдің «қорғаныс жүйесі» ретінде сипатталған. Кей қолданушылар тіпті лагерьдің «туристік промо-видеосын» да жасап, музыкамен таратты.
АҚШ-тағы заңсыз миграциямен күрес Дональд Трамптың сайлауалды науқанының басты уәделерінің бірі болды. Ол президент болып сайланғаннан кейін, миграциялық заңдар қатайып, Көші-қон және кеден қызметінің (ICE) рейдтері жиілей түсті. Бұл рейдтер барысында елде заңсыз немесе қауіпті деп танылған мыңдаған адам ұсталды. Бұл Лос-Анджелесте наразылық туғызып, кейінірек басқа ірі қалаларда да адамдар наразылыққа шықты.
Ұсталған мигранттарды орналастыру үшін әртүрлі штаттарда уақытша ұстау орталықтары салына бастады. 19 маусымда Флорида штатының бас прокуроры Джеймс Утмайер X парақшасында «Аллигатор Алькатрас» деген бейресми атаумен лагерь салу жоспарын жариялады (бұл атау Сан-Францискодағы әйгілі «Алькатрас» түрмесіне сілтейді). 24 маусымда бұл ақпаратты АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі растады, ал бір аптадан соң Трамп пен министр Кристи Ноэм жаңа орталықтың ашылуына келді. Telegram мен әлеуметтік желілерде таралған сурет пен жаңалық дәл осы ашылуға қатысты.
Алайда тараған сурет ресми ақпаратпен мүлде сәйкес келмейді. Америкалық медианың дронмен түсірген бейнематериалдары мен фотоесептерінде лагерь бұрынғы оқу полигоны Дейд-Коллиер әуежайының жанында орналасқаны көрінеді. Онда орман да, ор да, аллигаторлар да жоқ. Нысан тіркемелер мен шатырлардан құралған қарапайым құрылыс.

Флорида штатының бас прокуроры Джеймс Утмайер бұл аймақтың батпақты, жабайы табиғатқа бай екенін айтып, шын мәнінде аллигаторлар мен питондардың мекендейтінін айтқан. Миграциялық орталыққа барғаннан кейін Дональд Трамп та мәлімдеме жасап, «қашқысы келетіндер алдымен аллигаторлардан қашуды үйренуі керек» деп әзілдеген. Бірақ лагерь айналасына әдейі ор қазылып, рептилиялар жіберілгені туралы ешқандай ресми дерек жоқ.
Суреттің өзі де күмән тудырады. Онда лагерьге апарар жол жоқ, ал суда жүзіп жүрген жануарлар тым ірі. Hive Moderation платформасы суреттің 99,9% ықтималдықпен жасанды интеллект көмегімен жасалғанын анықтаған. Ең алғашқы жазба 28 маусымда X (бұрынғы Twitter) желісінде пайда болған. Автор «Аллигатор Алькатрас керемет көрінеді» деп қана жазып, суреттің фейк екенін көрсетпеген.
Қорытындылай келе, Флоридада заңсыз мигранттарды уақытша ұстауға арналған орталық расымен ашылды. Алайда әлеуметтік желіде тараған, орман ортасындағы аллигаторлармен қоршалған лагерь бейнеленген сурет – фейк.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.