АҚШ-та балалардың онлайн қауіпсіздігі туралы заң жобасы ұсынылды

АҚШ Конгресіне Балалардың онлайн қауіпсіздігі туралы заң жобасы (Kids Online Safety Act, қысқаша KOSA) қайта ұсынылды. Егер қабылданса, ол 1998 жылғы Балалардың онлайн құпиялылығын қорғау туралы заңнан (COPPA) кейінгі ең ауқымды өзгерістердің бірі болуы мүмкін. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Әлеуметтік желі платформалары кәмелетке толмағандарды зияннан қорғау үшін жеткілікті әрекет етпегені дәлелденсе, қазіргі заң жобасы (KOSA) оларды жауапқа тартады. Онда тамақтанудың бұзылуы, жыныстық зорлық-зомбылық, есірткіге тәуелділік және өз-өзіне қол жұмсау (суицид) сынды балаларға зиян келтіруі мүмкін жағдайлардың тізімі келтірілген. Былтыр заң жобасына Сенатта көпшілік дауыс бергенімен, Өкілдер палатасында (House) әрі қарай қаралмай қалған.

KOSA алғаш 2022 жылы ұсынылғаннан бері айтарлықтай сынға ұшырады. ACLU сияқты адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар бұл заң жобасы цензура мен бақылау құралына айналуы мүмкін дейді. KOSA-ға енгізілген түзетулер бұл күдіктердің бір бөлігін сейілткенімен, Electronic Frontier Foundation және Fight for the Future сияқты ұйымдар заң жобасына әлі де қарсы болып отыр.

«Заң авторлары бұл құжат сөз еркіндігіне әсер етпейді деп қайта-қайта айтып келеді. Алайда “қамқорлық міндеті” (Duty of Care) тікелей сөзге қатысты: бұл – үкімет балаларға зиян деп тапқан контентті бұғаттау туралы. Ал қандай сөз зиянды деп есептелетінін кім шешеді? Бұл – маргиналды топтардың үнін өшіруге тырысып, өздері жау санайтын адамдарға шабуыл жасап жүргендер”, – делінген Fight for the Future ұйымының мәлімдемесінде.

Соған қарамастан, Microsoft, Snap және X компаниялары құжатты қолдап отыр. Тіпті X компаниясының бас директоры Линда Яккарино сенаторлар Марша Блэкберн, Ричард Блументальмен бірге заңның кейінгі нұсқасын дайындаған. Ал Google мен Meta заң жобасына қарсы болса, Apple ресми түрде қолдау білдіретінін жариялады.

Журналист

Factcheck.kz