АҚШ соты «Азаттық радиосының» қаржысын бермеу туралы шешімді жойды

АҚШ апелляциялық соты 7 мамыр күні Америка ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) «Азат Еуропа/Азаттық радиосына» сәуір айына тиесілі 12 миллион долларды беруге тиіс деп шешті. Шешімді 11 судья қарастырып, жетеуі қолдап, төртеуі қарсы дауыс берді. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.

29 сәуірде Вашингтондағы сот «Азаттыққа» қаражат бөлінуі керек деген шешім шығарған. Алайда араға бірнеше күн салып, апелляциялық соттың үш судьядан тұратын тобы бұл шешімнің күшін уақытша тоқтатты. Сол кезде Дональд Трамп ұсынған екі судья тоқтату шешімін жақтаса, Барак Обама тағайындаған судья қарсылық білдірген еді.

7 мамырда істі кеңейтілген құрам қайта қарап, 29 сәуірдегі шешім күшінде қалды. Дегенмен агенттік қарсы шағым түсіріп, істі Жоғарғы сотқа жеткізе алады.

Контекст

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка ғаламдық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойған. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.

АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.

Басты беттегі сурет Reuters порталынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz