Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеуніктері, соның ішінде вице-президент Джэй Ди Вэнс пен қорғаныс министрі Питер Хегсет Йемендегі хуситтерге шабуыл жасау жоспарын Signal-дағы топтық чатта талқылаған. Алайда қателікпен бұл чатқа The Atlantic журналының бас редакторы Джеффри Голдберг қосылып, құпия әскери талқылаулар туралы білген. Кейіннен ол бұл мәліметтерді жариялаған. TechCrunch жазуынша, осы оқиғадан кейін Signal қосымшасын жүктеу саны күрт артқан.
Signal қосымшасының өзі бұзылмаған және қалыптан тыс жұмыс істеген жоқ. Бұл – қолданушының қатесі, яғни АҚШ-тың әскери жоспарларына қатысты чатқа журналисті байқаусызда қосқан. Мемлекеттік қауіпсіздік хаттамалары дұрыс сақталғанда, бұндай оқиға болмас еді.
Тhe Atlantic журналына мақала жарияланған күні iOS және Google Play дүкендерінде Signal қосымшасын жүктеу кейінгі 30 күндегі орташа көрсеткіштен 28%-ке артқан. Appfigures қосымша сараптау компаниясының мәліметінше, АҚШ-та жүктеу саны 45%-ке, ал Йеменде 42%-ке өскен. Дауға дейін Signal Йемендегі әлеуметтік медиа қосымшалары арасында 50-орында тұрған, бірақ 24 наурызда 9-орынға көтерілді.
Signal қосымшасында барлық хабарламалар шифрланған, яғни чаттағы адамдардан басқа ешкім, тіпті Signal қызметкерлері де хабарламаларды көре алмайды. Дегенмен бұл қосымша мемлекеттік әскери жоспарларды сақтау үшін емес, қарапайым қолданушыларға арналған қауіпсіз хабар алмасу құралы.
Қорғаныс министрі Питер Хегсет Signal чатында «ешқандай әскери жоспар талқыланбады» деп мәлімдегенімен, The Atlantic шабуыл уақыты, қолданылатын қару-жарақ пен әскери ұшақтар туралы мәлімет бар хабарламаларды жариялады.