АҚШ пен Ұлыбритания Францияда өткен жасанды интеллект (ЖИ) жөніндегі әлемдік саммитте (AI Action summit) халықаралық декларацияға қол қоюдан бас тартты. Бұл туралы CNBC хабарлады.
Париж саммитінің «Инклюзивті және тұрақты жасанды интеллект туралы мәлімдемесіне» қол қойған мемлекеттердің қатарында АҚШ пен Ұлыбритания жоқ екені белгілі болды.
АҚШ өкілдері декларацияға неліктен қол қоймағанын айтпады.
Ал Ұлыбритания үкіметінің өкілі «Лондон саммитте тұрақты даму мен киберқауіпсіздік бойынша бірқатар міндеттемені қолдаса да, декларация жаһандық басқару бойынша практикалық тұрғыда анық емес және жасанды интеллектің ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қауіп-қатерлерін тиісті деңгейде қамтымайды» деп айтты.
Декларацияға қол қойған елдер ЖИ технологияларының ашықтығын, инклюзивтігін, айқындығын, этикалық нормаларға сай болуын және қауіпсіздігін сақтауға міндеттелді.
Контекст
Жақында Парижде Қазақстан делегациясының өкілі еліміздің Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық әріптестікке (GPAI) қосылуға ниетті екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Alphabet Inc.-ке тиесілі Google компаниясы «Жасанды интеллект принциптерінен» қару-жараққа қатысты тармақты алып тастады.