АҚШ Мемлекеттік департаменті USAID тексерісінің нәтижелерін жариялады

27 ақпанда АҚШ Мемлекеттік департаменті президент Трамптың «Америка ең алдымен» саясаты аясында бастамашылық еткен әрі мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға тапсырылған USAID реформасының алғашқы қорытындыларын жариялады. Бұл туралы «Америка дауысының» орыс қызметі хабарлады.

Тексеру барысында 15,9 миллиард доллардан асатын шетелдік көмекке бөлінген 9100-ден астам грант қаралды. Нәтижесінде 15 күн ішінде 4,4 миллиард долларлық 4100 грант жойылып, қаржыландыру көлемі 28%-ға қысқарды.

USAID мәліметінше, жалпы құны 58,2 миллиард доллар болатын 6200 ұзақ мерзімді грант та талдаудан өтті. Соның ішінде 54 миллиард доллар болатын 5800 грант күшін жойып, қаржыландыру 92%-ға қысқарды.

Марк Рубио Мемлекеттік департамент пен USAID агенттігінде 90 күндік тексеруге басшылық жасап, «салық төлеушілердің ақшасы Американың қауіпсіздігін нығайтуға және елдің өркендеуіне жұмсалуын» бақылады.

Тексеру кезінде гуманитарлық және азық-түлік көмегі секілді аса маңызды бағдарламалардан басқа гранттар мен келісімшарттар бойынша төлемдер тоқтатылды.

Алайда федералды сот қаржыландыруды тоқтату туралы шешімді кері қайтаруды талап етті. Сондықтан кейбір бағдарламалар қайта қаралып, бір бөлігі қалпына келтірілсе, қалғандары толықтай жабылды.

Мемлекеттік департамент қаржыландыруды қысқарту жұмыс тиімділігін арттырып, бағдарламаларды әкімшіліктің басымдықтарына сәйкес бейімдейтінін мәлімдеді. Ведомство 4,4 миллиард доллар көлеміндегі гранттарды жоюды жоспарлап отыр.

USAID негізгі АИТВ, безгек және туберкулезді емдеуге арналған медициналық көмек пен жекелеген елдерге қолдауды сақтап қалды. Ал «АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін» бағдарламалар тоқтатылады. Келесі кезеңде Конгресс мақұлдаған көмек бөлу жүйесінің реформасы жүзеге асырылмақ.

Журналист

Factcheck.kz