Трамп әкімшілігі Қытайдың DeepSeek жасанды интеллект зертханасына жаңа шектеулер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл шектеулер компанияға Nvidia-ның ЖИ чиптерін сатып алуға тыйым салуы және америкалықтардың DeepSeek қызметтерін пайдалануын тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы TechCrunch The New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлады.
DeepSeek-тің арзан әрі тиімді ЖИ модельдерінің танымалдығы АҚШ-тың технологиялық нарығында дүрбелең тудырды. Компания өнімдерін OpenAI сияқты батыстық бәсекелестерге қарағанда әлдеқайда төмен бағамен ұсынып жатыр, ал бұл АҚШ-тың технология саласындағы басымдығына кері әсер етеді.
DeepSeek Силикон алқабы мен Уолл Стритті таңғалдырғаннан бірнеше ай өткен соң, АҚШ билігі Қытайдың америкалық технологиялар мен нарыққа қол жеткізуін шектеу жолдарын қарастырып отырғанға ұқсайды. Мысалы 15 сәуірде Ақ үй Nvidia компаниясының Қытайға чип сатуына шектеу қойып, Байден әкімшілігі орнатқан ережелерді күшейтті.
Оған қоса DeepSeek кейбір бәсекеге қабілетті модельдерін әзірлеу кезінде зияткерлік меншікті заңсыз пайдаланған болуы мүмкін деген күмән бар. OpenAI бұл зертхана өздерінің модельдерін заңсыз көшіріп, пайдаланушы ережелерін бұзғанын алға тартып отыр.