18 мамыр күні жарық көрген Chicago Sun-Times газетінің шығарылымы жазғы демалысқа арналған гид жариялады. Онда жаңа трендтер, сырттағы белсенді демалыс және кітаптар бар. Алайда The Verge басылымының жазуынша, ұсынылған туындылардың арасында жасанды интеллект жасаған шығармалар кездеседі, ал кейбір мақалаларда мүлде өмірде жоқ адамдардың цитатасы келтірілген.
Бұл «жалған» дүниелер шынайы кітаптармен және танымал авторлармен қатар ұсынылған. Мысалы Мин Джин Ли – расында бар, танымал жазушы. Алайда «Алқашөп базары» атты Сеулдің көлеңкелі экономикасы жайлы роман оның шығармалар тізімінде жоқ. Бұл жалғыз мысал емес.
Bluesky желісіндегі жазбасында Chicago Sun-Times бұл материалдың қалай баспаға түскенін тексеріп жатқанын хабарлады. Сонымен бірге, бұл жарияланымдар жаңалықтар бөлімі дайындаған редакциялық материал емес екенін айтты. Басылым өкілі Виктор Лим The Verge-ге жіберген электронды хатында: «Біз оқырмандарымызға ұсынатын кез келген контенттің дәлсіз болуы – мүлдем жол беруге болмайтын нәрсе», – деді.
Ол жақын арада бұл жағдайға қатысты қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді. Мұндай гидтің демеушілік материал екені де әзірге белгісіз, бөлімнің бірінші бетінде тек Sun-Times логотипі мен «Жаздың ең жарқын сәттеріне арналған гид» атауы көрсетілген.
Кітаптар тізімі жарияланған бөлімде автордың есімі жазылмаған, алайда басқа мақалалар Марко Бускалья деген атпен берілген.
Бускалья әзірге пікір білдірмеді. Бірақ ол 404 Media басылымына берген жауабында кейде жасанды интеллекті анықтама ретінде пайдаланатынын және әрқашан мәтінді тексеретінін айтқан. «Бұл жолы мен оны істемедім. Бұны қалай байқамай қалғаныма сене алар емеспін, бәрі анық көрініп тұр. Ешқандай ақталу жоқ», – деді ол 404 Media-ға.
The Verge жазуынша, бұған дейін де кейбір редакциялар жасанды интеллект көмегімен жазылған жеке материалдарды жариялаған. Мұндай кезде басылымдар көбіне жауапкершілікті басқа авторларға жүктеп келген.
Контекст
Бұған дейін италиялық Il Foglio газеті әлемдегі толығымен жасанды интеллект (ЖИ) дайындаған алғашқы нөмірді шығарды.