АҚШ барлау қызметтері жасанды интеллекті құпия жүйелерге енгізіп жатыр

АҚШ-тың ұлттық барлау директоры Тулси Габбард жасанды интеллектті (ЖИ) барлау саласы үшін «серпінді технология» деп атады. SecurityLab жазғандай, Тулси Габбард бұл туралы Вашингтонда өткен Amazon Web Services саммитінде айтты.

Оның сөзінше, ЖИ тарихи архивтерден бастап күнделікті аналитикаға дейін құпия деректермен жұмыс жүйесін өзгертіп жатыр. Мысалы ЖИ алгоритмдерінің көмегімен Джон және Роберт Кеннеди істеріне қатысты бұрын құпия болған ондаған мың құжат жылдам өңделіп, жарияланған.

Габбард АҚШ-тың барлық 18 барлау агенттігінде ЖИ жүйелері енгізілгенін мәлімдеді. Оның ішінде ЦРУ, ФБР және ҰҚА (NSA) да бар. Қазір бұл құрылымдарда арнайы чат-бот іске қосылған. Ол қызметкерлерге жабық жүйелерде жедел ақпарат алуға және операцияларды оңтайландыруға көмектеседі.

ЖИ технологиялары бұрын жабық бұлтты жүйелерде жұмыс істеуге қауқарсыз еді. Алайда қазір Amazon, Microsoft және Google сынды ірі бұлттық провайдерлер мемлекеттік қауіпсіздік талаптарына сай арнайы платформалар әзірлеп, «құпия аймақтар» құрып жатыр. Бұл аймақтар құпия деректерді қорғауға арналған.

AWS өкілі Дэйв Левидің айтуынша, биыл жыл соңына дейін АҚШ-та мемлекеттік құпия ақпаратты өңдеуге арналған екінші деректер аймағы іске қосылады. Бірінші аймақ 2017 жылы ашылып, барлық құпиялық деңгейін қамтыған.

Сөз соңында Тулси Габбард мемлекет пен жеке сектор арасындағы серіктестікті қолдайтынын білдірді. Оның пікірінше, үкімет цифрлық шешімдерді өзі жасағаннан гөрі, оларды жеке компаниялардан сатып алғаны тиімдірек.

Контекст

OpenAI компаниясы ChatGPT платформасын тек әңгімелесетін көмекші емес, аналитикалық құралға айналдыру жолында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Енді Deep Research құралына Box және Dropbox бұлттық сақтау жүйелерін қосуға болады.

Deep Research-тің басты ерекшелігі — жүйе өздігінен ақпарат іздеп, әртүрлі дереккөздерден жинаған мәліметтер негізінде толыққанды зерттеу немесе талдау дайындайды.

Журналист

Factcheck.kz