Әлеуметтік желілерде «Иран Израильге зымыранмен соққы беріп, Тель-Авивтегі Ішкі істер министрлігін жарып жіберді» деген сипаттамасы бар видео тарады. AFP Fact Check анықтағандай, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Видеода Израиль емес, Тәжікстандағы мейрамхананың өртеніп жатқаны бейнеленген.
2025 жылғы 21 маусымда Facebook желісінде хинди тілінде жарияланған жазбада: «Иран Израильдің Ішкі істер министрлігін жарып жіберді! Бүгін таңертең Иран Израиль астанасы Тель-Авивтегі министрлікке зымыранмен соққы жасады» делінген.
Бұл видео Facebook пен X (бұрынғы Twitter) желілерінде осындай сипаттағы жалған мәлімдемелермен бірге тарап кетті.
Ақиқатында, видеода Иранның Израильге қарсы шабуылы емес, Тәжікстанның солтүстігіндегі Худжанд қаласында орналасқан мейрамхананың өртеніп жатқаны көрсетілген. Бейнежазбаның негізгі кадрларын кері іздеу нәтижесінде дәл осы көрініс 2025 жылғы 19 маусымда YouTube-та тәжік тіліндегі жазумен жарияланғаны анықталған. Онда оқиға орны мен уақыты нақты көрсетілген.
Google Street View картасындағы бейнелер де видео кадрларымен толық сәйкес келеді. Ал Тәжікстандағы жергілікті БАҚ 20 маусымда бұл өрттен ғимараттың толық жанып кеткенін хабарлаған.

Иран ядролық және әскери нысандарына Израиль жасаған шабуылдарға жауап ретінде Тель-Авивке зымырандар атқан. Иран шабуылдан кем дегенде 935 адамның қаза тапқанын мәлімдесе, Израиль 28 адам көз жұмғанын хабарлады.
2025 жылғы 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп екі тараптың бітімге келгенін мәлімдеді.
Контекст
Бұған дейін әлеуметтік желіде Иран портында метанол сақталған резервуардың өртеніп жатқан видеосы тарады. Видео сипаттамасында бұл Израиль шабуылының салдары деп айтылған. Алайда видеодағы сипаттама шындыққа жанаспайды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.