Германиядағы Конструктор университетінің ғалымдары 5G желісінің адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. SecurityLab сайтының жазуынша, ауқымды зерттеу нәтижесінде жаңа буындағы байланыс жиіліктеріндегі қуатты электромагниттік сәулелену генде айтарлықтай өзгеріс тудырмайтыны анықталған.
Ғалымдар тері жасушаларының фибробласт және кератиноцит деген екі түрімен тәжірибе жүргізген. Үлгілер рұқсат етілген деңгейден он есе жоғары электромагниттік өріске екі сағаттан бастап 48 сағатқа дейін әрекеттескен. Мамандар жиілігі 27 және 40,5 гигагерц болатын әртүрлі қарқындағы толқындарды қолданған, ал бұл 5G желісінің жұмыс диапазонына сәйкес келеді.
Зерттеушілер екі заманауи әдісті пайдаланған. Біріншісі — РНҚ-ның толық геномдық секвенциясы. Бұл әдіс генетикалық кодтың белсенді бөліктерін толық оқып, жасуша ішіндегі процестердің егжей-тегжейлі бейнесін береді. Осы тәсіл арқылы ғалымдар белгілі бір геннің қалай және қаншалықты белсенді жұмыс істейтінін қадағалаған. Екінші әдіс — ДНҚ метилденуін зерттеу. Бұл — тұқым қуалайтын материалдың құрылымын өзгертпестен, геномның түрлі бөліктерінің белсенділігін реттейтін табиғи химиялық маркерлер.
Тәжірибені сенімді ету үшін температура қатаң бақылауда ұсталып, талдаушылар қандай үлгілермен жұмыс істеп жатқанын білмеген.
Нәтижесінде электромагниттік сәулелену жасушалардың жұмысына айтарлықтай өзгеріс енгізбеген. Генетикалық белсенділіктегі және молекулалық белгілердегі ауытқулар тірі тіндерде табиғи түрде болатын тербелістер деңгейінен аспаған.
Қазіргі уақытта 5G желілері 6 гигагерцтен төмен жиіліктерде жұмыс істейді, бірақ алдағы жылдары 24–43 гигагерц диапазонын пайдалану жоспарланып отыр. Сол себепті зерттеушілер жоғары жиілікті толқындардың теріге ену тереңдігін анықтауға мән берген. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 3 гигагерцтен төмен жиіліктегі толқындар теріге шамамен 10 мм тереңдікке өтеді, ал 10 гигагерц төңірегіндегі жоғары жиілікті толқындар небәрі 1 мм немесе одан да аз тереңдікке енеді.
Контекст
Кейбір елдерде 5G технологиясы мен коронавирус байланысы туралы жалған ақпарат кең тарады. Сонымен қатар интернетте бесінші буын байланыс мұнараларынан таралатын радиосәуленің зияны туралы қауесет тарап жүр.