Шотыңызға 300 мыңнан артық ақша түссе жартысын үкіметке беру керек пе?

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде «Оқушы, студент бәрі тексеріледі. 300 мыңнан артық ақша түссе жартысын үкіметке бересің» [автордың стилі сақталған – ред.] деген тақырыпта видео жарияланды (1, 2, 3, 4, 5). Factcheck.kz редакциясы ақпаратты тексеріп көрді.

Шотыңызға 300 мыңнан артық ақша түссе жартысын үкіметке беру керек пе?
Tiktok желсінің скриншоты

Үкім: Фейк

Мемлекеттік кірістер комитетінің Factcheck.kz-ке берген жауабына сай, азаматтардың банк шотына 300 мыңнан артық ақша түссе, жартысын үкіметке беруге тиіс деген ақпарат ешбір заңнамалық актіге негізделмеген. Ақпарат үкімет отырсының конференциясындағы қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мобильді аударымдар жайлы сұраққа жауабынан соң бұрмаланып тарай бастады. Дегенмен, вице-министр табыстың жартысын үкіметке беру туралы ештеңе айтпады. 

Ақпарат қайдан шықты?

Кейінгі уақытта парламентте салық кодексі заң жобасына өзгеріс енгізу талқыланып жатыр. Сондай-ақ, үкімет қызметкерлері де пікір білдіруде. Осы тұста, медиа кеңістікте салық туралы сан түрлі ақпарат тарады. 3 маусымда үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мобильді аударымдар жайлы сұраққа «кәсіпкерлік кірісі 300 мың болатындар ғана бақыланады» деп жауап берген. Бір күннен соң кейбір парақшаларОқушы, студент бәрі тексеріледі. 300 мыңнан артық ақша түссе жартысын үкіметке бересің” [автордың стилі сақталған – ред.] деген мәтінмен бейне жариялай бастады. 

Салық кодексінде не жазылған?

Салық кодексінің 24-бабы 23-тармағында кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаның кәсіп арқылы табыс тауып отырғаны анықталса, мобильді аударымдар туралы мәліметтерін банк салық органдарына ұсынуға міндетті. Мәліметтерді ұсыну тәртібін салық органы Ұлттық банкпен бірлесе белгілейді. Егер қаражат кәсіпкерлікке жатпайтын жеке мақсатта аударылған болса, мобильді аударымдар бақыланбайды. 


Материалды Нұрбибі Айтбайқызы дайындады

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz