Қатерлі ісікті қызыл түсті киіммен емдеуге бола ма? 

2024 жылғы желтоқсанда окнологияны не өзге де бірқатар ауруды белгілі бір түстегі киім кию арқылы емдеуге болады деген видео тарады (1, 2, 3, 4, 5). Автор қатерлі ісік қызыл түстен қорқады дейді, сондықтан адамда қандай да бір онкология не қабыну болса, қызыл немесе қызғылт түсті киім киюге кеңес береді. Одан бөлек, бүйректе, өт қабында тас болса, бауыр ауырса, сары түсті киім киген дұрыс дегенді айтады. Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін тексерді. 

Қатерлі ісікті қызыл түсті киіммен емдеуге бола ма? 
Instagram желісіндегі жарияланымның бірінің скриншоты

Үкім: Жалған 

Белгілі бір түсті киім кию онкологиялық ауруларды, қабыну процестерін, бүйрек пен өт қабындағы тастарды немесе бауыр ауруларын емдеуге көмектеседі деген пікір ғылыми дәлелденбеген. Медицина саласы түс терапиясына (хромотерапия) ғылыми негіз жоқ дейді.

Толығырақ

Хромотерапия немесе түстермен емдеу — әртүрлі ауруды емдеу үшін түстерді қолдану әдісі. Алайда хромотерапияны медицинада «жалған ғылым» деп қарастырады. Ол, әдетте, белгілі бір түстер адамдардың «энергиясына» ықпал етіп, денсаулыққа әсер етуі мүмкін деген дәлелденбеген болжамға негізделген.

Америкалық Онкологиялық Қоғамның мәліметінше, балама медицина қатерлі ісік немесе басқа ауруларды емдеуде тиімділігі расталмаған. Онкологияны негізінен радиациялық терапия, химиотерапия, хирургия, гормондық терапия, иммунотерапия, мақсатты терапия және клиникалық зерттеулер арқылы емдейді.

National Center for Complementary and Integrative Health (NCCIH) сайты массаж, медитация, музыка сынды емдеудің қосымша әдістері (балама әдіспен шатастырмау қажет) қатерлі ісік белгілеріне және емдеудің жанама әсерлеріне көмектесетінімен, олар медициналық жолмен емдеуді алмастыра алмайды дейді.

Дәл солай, киімнің түсі де бүйрек, бауыр ауруларынан айығуға не алдын алуға көмектесе алмайды. Бүйректе немесе өт қабында тас болса, оны тек медициналық жолмен емдейді. Бауыр ауырса да, арнайы дәрілер мен диета тағайындалады. Сол себепті міндетті түрде ресми дәлелденген терапияларға, дәрігердің кеңесіне жүгіну қажет.

Бұл видео 2017 жылғы сәуірде түсіріліп, интернетке жарияланған. Содан бері «онкология қызыл түстен қорқады» деген үзіндісі желіде қайта-қайта шығады. Бұған дейін де фактчекерлер бұл мәлімдемені тексерген (1, 2).

Видеодағы әйел – Лидия Сурина. Оны «шөппен емдеу жөніндегі кеңесші және биология/медицина ғылымдарының кандидаты» ретінде таныстырады, сондай-ақ ол «тек халық медицинасының әдістерін мойындайтынын» айтады. Видеодағы әңгіме «Славян базары» фестивалінде айтылған. Сурина видео түсірілгеннен кейін көп ұзамай, 2017 жылғы қазанда қайтыс болды.

Журналист

Factcheck.kz