Нью-Йоркте “No Zelensky, no war” деген баннер ілінді ме?

Маусымның аяғында бірқатар ресейлік сайттарда (1,2) және TilTok желісінде “No Zelensky, no war” деген атпен баннер ілініп тұр” деген тақырыпта видео тарады. Бір ғана 8 секунтық видео әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, “АҚШ-тың позициясы осы” деген сарында қауесет тарауда. Видео қаншалықты рас, шындыққа сәйкес келе ме? Factcheck.kz тексеріп көрді.

Баннердің астыңғы қабатында орналасқан “Tiffany&Co” зергерлік дүкені Нью-Йорк қаласындағы 727, 5-даңғылында (5th Aveue) орналасқан. Сол даңғылдағы түсірілген суреттер арқылы видеоны тексеріп көрейік.

Үкім: Фейк

Біріншіден, бұл ескі видео, яғни 2022 жылғы ақпандағы Ресейді Украинаға басып кіруіне дейін түсірілген. Себебі видеодағы бағдаршамның түсі “қара”, ал Google карта арқылы бұл көшенің 2021 жылғы (соғысқа дейін) және 2022 жылғы (соғыстан кейін) тамыздағы суреттерін қарасаңыз “сары” екенін байқайсыз. Демек, бағдаршамның түсі соғысқа дейін өзгерген. Сондай ақ, 2023 жылғы 29 маусымдағы өрттен кейінгі түсірілген кадрлардан да бағдаршамның түсі өзгермегенін көруге болады.

Нью-Йоркте "No Zelensky, no war" деген баннер ілінді ме?Нью-Йоркте "No Zelensky, no war" деген баннер ілінді ме?
Сол жақта: Фейк видеодан скрин Оң жақта: Google картада 2022 жылы тамызда түсірілген сурет

Екіншіден, зергерлік дүкендегі ағаш тіректер мен баннер 2023 жылы сәуірдегі 3 жылдық қайта жаңартудан кейін алынып тасталған. Ал 2023 жылы 29 маусымда дүкенде өрт шығып, бірнеше телеарна сюжет жасады. Сол видеолардан ағаш тіректер мен баннердің жоқ екенін байқауға болады.

Видео тараған алғашқы дереккөздің бірі 9gag.com сайты негізінен ойын-сауық, сарказм және түрлі күлкілі суреттер (мем) жасаумен айналысады. Сайт 2008 жылы сәуірде Рей Чан есімді азаматтың атына тіркелген. Тіркелген қаласы – Гонконг.

Соғыс басталғалы Владимир Зеленский жайында түрлі алып қашпа әңгіме мен қауесет көп тарады. Әсіресе ресейлік пропагандист медиалар ақпаратты бұрмалап, түймедейді түйедей етуде. Зеленский жайында тараған фейктер туралы мына жерден оқи аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz