«Овертон терезесі» қалай қорқыныш құралына айналды

Ақпарат кеңістігінде «Овертон терезесі» термині көбіне санаға әсер ететін саяси технология немесе қоғамға «адамзатқа қарсы идеяларды» күшпен таңудың тәсілі ретінде сипатталады (1, 2, 3, 4, 5, 6). Бұл ұғымды ақылға сыймайтын немесе адамгершілікке қайшы идеяны қоғамда қалыпты нормаға айналдыруға мүмкіндік беретін сатылы механизм деп түсіндіретіндер де бар.

Мысалы, мұндай көзқарасты ұстанатындар «Овертон терезесі» арқылы каннибализм, зоофилия, педофилия сияқты әлеуметтік тыйымдарды заңдастыруға болады деп санайды.

Алайда бұл — миф. Factcheck.kz редакциясы «Овертон терезесі» ұғымының шынайы мағынасы мен оның қалай бұрмаланғанын талдап шықты.

Мұқтаждықтан туған модель

«Тағы да қайталап айтамын: Овертон кез келген идеяны заңдастыруға мүмкіндік беретін ТЕХНОЛОГИЯНЫ сипаттап берді», — деп жазады бұл терминді ресейлік интернет кеңістігінде кеңінен таратқан блогер Евгений Горжалцан. Ол әрі қарай «Овертон терезесі» арқылы каннибализмді заңдастыруға болады деген көзқарасын түсіндіреді.

«Овертон дәлелдегендей, белгілі бір мерзім ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамдық пікірге әсер етудің арнайы тәсілдерін қолдану арқылы кез келген қоғам үшін жат, қабылдауға келмейтін құбылысты біртіндеп нормаға айналдырып, тіпті заңмен бекітуге болады», — деп жазады «Аргументы и факты Казахстан» басылымы.

Дегенмен «Овертон терезесінің» шынайы тарихы анағұрлым қарапайым.

1990 жылдары Макинак мемлекеттік саясат орталығының үлкен вице-президенті Джозеф Овертон «саяси мүмкіндіктер терезесі» атты тұжырымдаманы ұсынды. 2003 жылы оның қазасынан кейін әріптестері, соның ішінде орталықтың қазіргі президенті әрі досы Джозеф Леман, бұл модельді «Овертон терезесі» деп атауды ұйғарды.

Макинак орталығының ресми сайтында көрсетілгендей, «саяси мүмкіндіктер терезесі» ғылыми теория емес (Овертон ештеңе дәлелдемеген), бұл — қоғамдағы идеялардың уақыт өте қалай өзгеретінін және олардың саясатқа қалай ықпал ететінін түсіндіруге арналған модель.

Овертон моделінің түпкі мәні мынада: саясаткерлер тек қоғам қабылдауға дайын тұрған идеяларды ғана ұсынады. Әйтпесе, келесі сайлауда халықтың қолдауынан айырылуы мүмкін.

«Аналитикалық орталықтың міндеті – қазіргі таңда саяси тұрғыдан мүмкін емес көрінетін идеяларды қорғап, оларды біртіндеп сөзсіз қажет шешімге айналдыру», – дейді Макинак орталығының президенті Джо Леман. Оның айтуынша, орталық жүргізетін зерттеулер, пікірталастар мен талдаулар қоғамдық пікірдің өзгеруіне ықпал етіп, «терезенің» қозғалысына әсер етуі мүмкін.

Овертонның мақсаты сананы манипуляциялау тәсілін жасау емес, аналитикалық орталықтардың жұмысын донорларға түсінікті тілмен жеткізу болған. Бұл туралы Джо Леман On the Media подкастында кеңірек баяндаған:

«Овертон терезесі» деген идея нақты бір қажеттіліктен туды. Біз қаржыландыру көздерін тартуға тырыстық, бірақ донорларға аналитикалық орталықтар нақты саясатқа қалай әсер ете алатынын түсіндіру қиын еді. Саясаткерлерге қаржы беру оңай – олардың дауысы бар. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан заң қабылдау дегеніміз – жай ғана «Х күні» дауыс беру емес, әлдеқайда күрделі әрі ұзақ процесс екенін көрсетуге тырыстық. Сол кезде Джо бұл процесті «саяси мүмкіндіктер терезесі» деп атады. Ол бұл ұғымды ешқашан «Овертон терезесі» деп атамаған.

Джозеф Леман, Макинак мемлекеттік саясат орталығының президенті

Леманның айтуынша, «саяси мүмкіндіктер терезесі» –  қандай да бір тактика немесе қоғамдық сананы басқару құралы емес. Бұл  –  саясаттағы өзгерістерді сипаттайтын модель. Гравитация заттардың құлауын қалай түсіндірсе, бұл модель де идеялар эволюциясын солай сипаттайды.

«Кейде саясаткерлер “Овертон терезесін” өздері жылжыта алады  –  яғни, терезеден тыс идеяны батыл түрде қолдайды. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек. Көбіне “терезе” қоғамдық құндылықтар мен нормалардың баяу, табиғи эволюциясы арқылы қозғалады. Бұл – сырттан басқаруға келе бермейтін күрделі процесс», – деп жазылған Макинак орталығының сайтында.

Орталық назарын аударатын тағы бір маңызды жайт: «терезе» бірде кеңейіп, бірде тарыла алады және бір жаққа да, екінші жаққа да қозғалуы мүмкін. Джо Леман мысал ретінде АҚШ-та алкогольді сатуға толық тыйым салуды («құрғақ заң») және кейіннен бұдан бас тартауды келтіреді.

Тревиньо шкаласы мен Бектің триллері

Интернеттегі көптеген материалда «Овертон терезесін» кезең-кезеңімен бейнелейтін диаграмма жиі кездеседі. Онда идеяның қоғамда қабылдануына дейінгі алты сатысы көрсетілген: «елестету мүмкін емес», «радикалды», «қабылдауға болатын», «ақылға қонымды», «танымал» және «қалыпты» (1, 2).

Бұл диаграммаларды таратушылар «Овертон терезесін» қоғамдық пікірді біртіндеп өзгертуге арналған құрал ретінде сипаттайды және бұл нақты жоспарланған әрекеттер арқылы жүзеге асады деп есептейді.

«Қоғам мүлде қабылдамайтын, тыйым салынған тақырып таңдалады. Мысалы, каннибализм, инцест, гомосексуализм. Сосын бұл тақырып шулы оқиға немесе арнайы ұйымдастырылған жағдай арқылы көпшілік назарын аударады. Бұл әдетте «ізгі ниет» сылтауымен жасалады… сөйтіп қоғамдық пікір біртіндеп өзгереді», — деп жазады «Научи хорошему» жобасы.

Мұндай интерпретацияда «Овертон терезесі» қоғамдағы ең шетін, тыйым салынған тақырыптарды заңдастырудың жол картасы ретінде көрсетіледі. Алайда мұндай сызықтық модельдің ешқандай эмпирикалық дәлелі жоқ. Сондай-ақ идеяның алты сатылы дамуын сипаттайтын мұндай шкала Макинак орталығының сайтындағы ресми анықтамасында жоқ. Онда, әдетте, идеялар немесе саясаткерлер спектр түрінде көрсетіледі, оның бір «үкімет тарапынан бақылаудың болмауы», ал екінші жағында «үкіметтің толық бақылауы» бейнеленеді.

Интернеттегі осы сипаттағы алғашқы материал 2006 жылы жарық көрген. Ол кезде Макинак орталығының тағылымгері Джошуа Тревиньо Swords Crossed платформасында (қазір тек интернет архивінде бар) өз интерпретациясын жариялаған.

Тревиньо бұл алты сатыны идеяның легитимділікке жету жолындағы «қадамдар» деп атап, оларды «шартты континуум» ретінде көрсеткен. Ол «Овертон терезесін» бағыт-бағдар беретін визуалды құрал ретінде сипаттағанымен, бұл шкаланы ресми модельдің бөлігі ретінде ұсынбаған. Бұл ретте ол шкаланы модельдің бір бөлігі ретінде ұсынбайды және барлық идея бір нүктеден басталмайтынын, барлығы соңына жете бермейтінін, ал кейбіреулері кері бағытта қозғалатынын атап өтеді.

Сондай-ақ Тревиньо бұл ұғымды қоғамдық пікірді басқару құралы ретінде еш жерде сипаттамаған. Соған қарамастан, оның жазбасы интернетте кең тарап, БАҚ пен блогтарда түрлі бұрмалауларға ұшырады.

Тревиньо не істеді? Ол “Овертон терезесі” туралы блог жазып, оны көпшілікке таратып жіберді. Содан бастап бұл термин негізгі саяси басылымдарда жиі қолданылды. Алайда олардың көпшілігі ұғымды бұрмалап, бастапқы мәнінен алшақ түсіндірді. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Себебі бастапқы материал менің кеңсемдегі құжат жәшігінде жатқан бірнеше қолжазба болатын. Мен бұл ойларды Тревиньо мен басқа тағылымгерлерге PowerPoint арқылы түсіндірдім, кейін олар блогта жарияланды. Бұл – ғылыми негізделген үлкен теория емес еді.

Джозеф Леман, Макинак мемлекеттік саясат орталығының президенті

Нәтижесінде, бастапқыда аналитикалық орталықтардың жұмысын түсіндіруге арналған демонстрациялық модель ретінде ұсынылған «Овертон терезесі» Тревиньо түсіндіруінен кейін кеңірек тарап, бастапқы мәнінен алыстай түсті. Ал Тревиньо шкаласы бүгінде модельдің ажырамас бөлігі немесе, кем дегенде, оның қосымшасы ретінде жиі көрсетіледі.

Кейінгі жылдары «Овертон терезесі» ұғымының мағынасы қоғамда мүлде бұрмаланды. Әлеуметтік өзгерістерді қастандық теориялары арқылы түсіндіруге бейім топтар арасында бұл термин конспирологиялық сипатта кең қолданыс тапты.

«Проверено.медиа» журналистерінің жазуынша, бұл бағытта америкалық тележүргізуші Гленн Бек маңызды рөл атқарды. 2010 жылы ол «Овертон терезесі» атты фантастикалық-саяси триллер жазды. Онда АҚШ-ты күйрету үшін элиталардың құпия қастандығы бейнеленіп, «Овертон терезесі» техникасы арқылы қоғамды басқару тақырыбы қозғалады.

Кейбір әдеби сайттардың мәліметінше, роман жарық көрген алғашқы аптаның өзінде 132 000 данамен сатылған. The New York Times бестселлерлер тізіміне енген бұл кітапқа деген қызығушылық автордың кең аудиториясына байланысты делінеді.

Қорқыныш «құралы»

«Овертон терезесі» туралы конспирологиялық интерпретациялар кең тарағаны сонша, бүгінде бұл модельдің шынайы мағынасын білетіндер аз. Ол саяси пікірталастарда да, кейде ресми риторикада да жиі қолданылатын «қорқыныш тудыратын құралға» айналды.

Джозеф Леман бұл тұжырымдаманың түпкі мағынасын Макинак орталығының сайтында және жергілікті БАҚ-та түсіндіруге тырысқанымен, бұл ақпарат көпшілікке жете бермейді.

Шын мәнінде, «Овертон терезесі» – саяси технология да, сананы манипуляциялау құралы да, ғылыми теория да емес. Бұл – қоғамдағы идеялардың қалай өзгеретінін және оның саясатқа қалай ықпал ететінін сипаттайтын модель.

Қоғамдық пікірдің қалыптасуы мен өзгеруі – көптеген факторға тәуелді күрделі процесс. Ал оны бір ғана модельмен басқаруға болады деу – әлеуметтік өзгерістердің табиғи механизмін бұрмалау.

Бұл материал Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып жатқан «Әмбебап фактчекиң: Қазақстандағы адам құқықтары туралы қитұрқы нарративтерге қарсы іс-қимыл» жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz