xAI жасаған Grok чат-боты камера арқылы ақпарат береді

xAI компаниясының Grok чат-боты енді смартфон камерасы арқылы көрініп тұрған нысандар жайлы сұрақтарға жауап береді. Бұл Google Gemini мен ChatGPT жүйелеріндегі дәл уақыттағы көру функциясына ұқсас. Бұл туралы TechCrunch жазды.

22 сәуірде xAI Grok Vision атты жаңа қызметін іске қосты. Бұл функция арқылы пайдаланушылар камераны өнімдерге, белгілерге немесе құжаттарға бағыттап, олар туралы сұрақ қоя алады. Grok Vision әзірге тек iOS жүйесіне арналған қосымшада қолжетімді. Android нұсқасында әзірге бұл функция іске қосылған жоқ.

Grok-тың басқа жаңа функцияларының арасында бірнеше тілде аудиомен жауап беру және дауыс режимінде дәл уақытта іздеу мүмкіндігі бар. Android қолданушылары бұл қызметтерді тек айына $30 тұратын SuperGrok жазылымымен пайдалана алады.

Grok жүйесі кейінгі уақытта жаңа мүмкіндіктермен жаңарып келеді. Осы айдың басында оған «есте сақтау» функциясы қосылды, енді бот бұрынғы диалогтардағы ақпаратты есте сақтап, қолдана алады. Бұдан бөлек құжаттар мен қосымшалар жасауға арналған интерактив құрал да енгізілді.

Контекст

Маск xAI-ді 2023 жылы OpenAI-мен бәсекеге түсу мақсатында құрған. Осы уақыт ішінде ол Google DeepMind, Microsoft және OpenAI компанияларынан ең үздік ЖИ зерттеушілерін тартып, ірі деректер орталығын салды. xAI OpenAI, Google DeepMind және Anthropic сияқты алпауыттармен жылдам бәсекеге түсті. Ақпанда компания Grok 3 атты ЖИ моделін ұсынды. Ол математика, ғылым және кодтау салаларында ең үздік ЖИ жүйелерімен тең дәрежеде.

Журналист

Factcheck.kz