OpenAI 28 сәуірде ChatGPT платформасындағы іздеу жүйесін жаңартқанын хабарлады, енді қолданушылар өнімдерді оңай әрі тиімді түрде іздеп, сатып алады. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Жаңа қызметтің көмегімен пайдаланушылар ChatGPT арқылы қандай да бір тауарды іздеген кезде, жүйе сол өнім бойынша ұсыныстар дайындап, суреттер мен тұтынушы пікірін көрсетеді, тікелей сатып алуға болатын сайттарға сілтеме береді. Компания мәліметінше, бұл жүйе қолданушылардың нақты сұрақтарына жауап беріп, жекелендірілген іздеу нәтижелерін ұсынуға қабілетті.
Қазір OpenAI бұл мүмкіндікті сән, сұлулық, тұрмыстық заттар және электроника сияқты бірнеше санатта сынақ ретінде енгізіп отыр. Жаңартылған іздеу қызметі GPT-4o моделінде жұмыс істейді әрі ChatGPT-тің Pro, Plus және тегін нұсқаларын пайдаланатындарға, тіркелмеген қолданушыларға да қолжетімді болады.
Бұл жаңарту — OpenAI-дің Google-ге бәсекелес болуға ұмтылған қадамы. Компания интернеттен өнім мен ақпаратты ыңғайлы түрде іздеуге мүмкіндік беруді көздейді. Google онлайн саудада жетекші орын алса да, іздеу нәтижелерінде жарнама үшін жасалатын төлемдер компанияның сапасына кері әсер етті.
OpenAI өз іздеу қызметінің тез дамып жатқанын айтады. Өткен аптада ChatGPT арқылы 1 миллиардтан астам сұрау жасалған. Сауда нәтижелері жарнамасыз көрсетіледі әрі баға, сипаттама, пікір сынды үшінші тарап деректеріне сүйенеді. Компания бұл арқылы ешқандай қаржылық пайда көрмейтінін атап өтті.
OpenAI басшысы Сэм Альтман бұған дейін жарнамаға қарсы болған. Бірақ жуырда берген сұхбатында жарнама мазмұнды бұзбайтын «мәдени» форматта болса, мысалы серіктестік төлем ретінде енгізілсе, қарсы емес екенін айтты. Ол іздеу нәтижесі ақылы болмайтынына сендірді.