Ұлыбританияда мыңнан астам музыкант жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын әзірлеушілерге наразылық ретінде «бос» альбом шығарды.
Альбом «Бізге осы керек пе?» деп аталады және ол ресми сайтта қолжетімді. Музыка мен әндердің орнына «тыныштықты» – бос студиялар мен концерт залдарының дыбысын естуге болады.
Альбомның сипаттамасында бұл шығарма авторлық құқық туралы заңға ұсынылған өзгерістерге қарсылық ретінде жарық көргені жазылған.
Billboard жазуынша, бұған Ұлыбритания үкіметінің нейрожелілерді оқытуға авторлық құқықпен қорғалған контентті заңды түрде пайдалануға рұқсат беруді ұсынуы себеп болған. Алғашында үкімет әртістер өз еңбегін пайдалануға тыйым салмаса, модельдерді музыкалық шығармалар арқылы оқытуға рұқсат беретін авторлық құқық туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынған.
«Альбомда бос студиялар мен концерт залының жазбалары бар, бұл үкімет ұсынысы музыканттардың күнкөрісіне қалай әсер ететінін көрсетеді», – делінген альбомның сайтындағы сипаттамада.
Альбомнан түскен қаржы Help Musicians қайырымдылық ұйымына аударылады. Бұл ұйым музыканттардың мансабына қолдау көрсетеді.
Контекст
2024 жылы шығармашылық жұмыстарды жасанды интеллектті оқыту үшін пайдалануға қарсы кең ауқымды петицияға 19 мың композитор, ән авторы, продюсер және басқа да шығармашылық тұлғалар қол қойған. Оның қатарында ABBA тобының мүшесі Бьорн Ульвеус, Radiohead тобының фронтмені Том Йорк және The Cure тобының көшбасшысы Роберт Смит бар. Statement on AI Training петициясының мәтінінде шығармашылық туындыларды генеративті ЖИ-ді оқыту үшін лицензиясыз пайдалану авторлардың әл-ауқатына елеулі қауіп төндіретіні әрі оған тыйым салынуы керегі айтылған.