Google видео жасайтын Flow ЖИ құралын таныстырды

Google жасанды интеллектке негізделген Flow атты видео жасайтын жаңа құралды таныстырды. Жаңа өнім 2025 жылғы Google I/O конференциясында ұсынылды. Бұл туралы SecurityLab жазды. 

Flow жүйесінің негізінде үш нейрожелі моделі жұмыс істейді: Veo видео генерациялайды, Imagen суреттермен жұмыс істейді, ал Gemini мәтіндік нұсқауларды түсініп, жалпы шығармашылық үдерісті басқарады.

Бұл құралда қолданушылар дайын кейіпкерлер мен көріністерді жүктей алады немесе оларды тікелей қосымша ішінде жасап шығара алады. Былтыр Google осындай технологияны VideoFX атты сынақ жобасын Google Labs платформасында тексерген еді. Алайда Flow — кәсіби деңгейдегі мүмкіндіктері бар, кең аудиторияға арналған платформа.

Жүйе контент жасаудың барлық кезеңін қамтиды. Қолданушылар камера бұрышын өзгертіп, әр көріністегі ракурстарды еркін таңдай алады. Видеоны монтаждау, кадрлардың ұзақтығын түзету, оқиғаның өрбуін басқару сынды мүмкіндіктер де қарастырылған. Ресурстарды басқару функциясы арқылы бейнематериалдар, суреттер, дыбыс жолдары және басқа да элементтерді жүйелі түрде ұйымдастыруға болады.

Flow жобасымен қатар Flow TV атты платформа да іске қосылады. Бұл арнада қолданушылар жасаған видеолар көрсетіледі және олардың қандай мәтіндік пәрмендер арқылы жасалғаны ашық жарияланады. Бұл өзара тәжірибе алмасуға, жаңа әдістерді үйренуге жол ашады.

Қазір жасанды интеллект арқылы видео жасау нарығы қарқынды дамып жатыр. Moonvalley, D-ID, Cheehoo және Hedra сияқты стартаптар да осы бағытта түрлі нәрселер ұсынып жүр. Google алгоритмдері көп компанияның өнімінде бұрыннан қолданылып келсе де, енді компания өзі тікелей генеративті өнім ұсынып отыр.

Flow құралын алғашқы болып АҚШ-тағы Google AI Pro және Google AI Ultra тарифтері бойынша жазылған пайдаланушылар қолдана алады. Ал қалғандарына кейінірек қолжетімді болады. 

Журналист

Factcheck.kz