Халық санағы және үй тонаушылар: Фейк қашаннан бастап тарады?

WhatsApp мессенджерінде әкімдік қызметкері ретінде адамдардан ақпарат жинап, бірнеше күн өткен соң пәтерді тонаған ұрылар туралы хабарлама таралды. Factcheck.kz бұл ақпараттың әлеуметтік желіде қашан тарала бастағанын және оның шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін тексерді.

Халық санағы және үй тонаушылар: Фейк қашаннан бастап тарады?
Желідегі жазба

Қазір біздің қаламызда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Жастар ақ жейдемен, папкамен, куәлігімен, “әкімдіктен келдік” деп халық санағын жүргізетінін айтады. Аты-жөн, жұмыс орныңыз, туған күн, қанша балаңыз бар және т.б. ақпаратты жинайды. Бірнеше күннен соң осы үйлерді тонау тіркеліп жатады. Бұл адамдардың куәлігін талап еткенде, қолыңызға бермейді, тек алыстан көрсетеді. Суретке түсіруге де рұқсат етпейді. Оларға әкімдікке немесе полиция қызметкеріне хабарласамын десеңіз, тез қашып кетеді.

Үкім: Фейк

Бұл ақпарат желіде ақпаннан бері таралып жатыр. Суретте Көкшетауда ғана емес, басқа да қалада ұрлықтан да басқа қылмыстары үшін іздеуде жүрген адамдар бар. Екеуі қазір сотталған. Полицияда аталмыш жағдай бойынша іс тіркелмеген.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, 27 ақпанда Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі “тұрғындарға сауалнама жүргізу және пәтердегі ұрлық” фактілері тіркелмегенін айтқан. Сонымен бірге, желіде тараған суретте екі сотталған азамат көрсетілген.

Хабарламада Көкшетау полиция бөлімінің таратқан суреті көрсетілген. Бұған қарамастан өзге өңір тұрғындары да желіде бөліскен.

Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі де мұндай фактілер елордада тіркелмегенін хабарлады.

Контекст

Биыл алғашқы алты айда сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген құқық бұзушылықтар саны — 15 077.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, биыл халық санағын жүргізуге 8,2 миллиард теңге жұмсалады. Оның 3,7 миллиард теңгесі санақ жүргізушілердің жалақысына есептелген.

Заңға сай, Қазақстанда санақ әр он жылда бір рет өтуі тиіс. Соңғы рет халық санағы 2009 жылы өткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz