Фактчек | Жер бетіндегі аумағы бойынша ең үлкен қала Қазақстанда

“Еліміздегі ең үлкен қала Алматы деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол Астана да емес. Қазақстандағы аумағы бойынша ең үлкен қала — Қостанай облысындағы Арқалық қаласы. Қала ауданы 15 587 км-ді құрайды.” Бұл туралы Qamshy.kz жазып отыр. Factcheck.kz сайты осы және Арқалық қаласының ауданына қатысты бірнеше деректі тексеріп көрді.

Үкім: Жалған

Қала аумағы расында да 15 587 шаршы км-ні құрайды, бірақ бұл Арқалық ең үлкен қала дегенді білдірмейді. Басқа қалалармен салыстырсақ, Семейдің ауданы 27 810 шаршы км, ал екінші орында Екібастұз қаласы, ауданы  – 18 870 шаршы км.

Арқалық ауданы бойынша тек үшінші орында.  Бұл ақпаратты әр қаланың әкімшілік сайтынан тексердік.

Мәлімдеме: “Қала ауданы 15 587 км-ді құрайды. Мұндай территорияға 22 Алматы немесе 21 Астана сыйып кете алады екен”

Үкім: Жартылай шындық

Ұлттық статистика комитетінің деректеріне сай, Нұр-Сұлтан қаласының ауданы – 797,3 шаршы км болса, Алматы қаласы – 682 шаршы км құрап отыр. 15 587 км-ді 797,3 кмге бөлсек, 21 астана емес, 19 Нұр-Сұлтан сыятынын көруге болады.

Фактчек | Жер бетіндегі аумағы бойынша ең үлкен қала Қазақстанда
Статистика комитетінің сайтынан

Материалды дайындау барысында, Нұр–Сұлтан қаласының әкімдігінің сайтында статистика комитетінен бірнеше есе ұлғайтылып берілген дерекетердің бар екенін де байқадық. Деректерге қарасақ, 797,3 мың км/кв деп беріліп тұр, бірақ комитет статистикасы 0,7 мың км/кв деп жазған.

Фактчек | Жер бетіндегі аумағы бойынша ең үлкен қала Қазақстанда
astana.gov.kz

Мәлімдеме: …Нью-Йорк қаласы ауданы жағынан Арқалық қаласымен салыстырғанда 10 есе кіші…

Үкім: Шындық 

Апдейт: 22.05.2019 жыл. Нью-Йорк қаласының деректерін қайта қарастырып, үкімді өзгерттік. 

АҚШ халық санағы бюросының деректері бойынша, Нью-Йорк штатының ауданы 141 297 шаршы км құрайды. Жер ауданы бойынша – 122 057 шаршы км, су алабы бойынша – 19 240 шаршы км. Ал қаласының ауданы – 1 213,37 км. Сонда Арқалық қаласы Нью-Йорктан үлкен болып тұр. 

Фактчек | Жер бетіндегі аумағы бойынша ең үлкен қала Қазақстанда
census.gov сайтынан скрин

Қызық….

Qamshy.kz сайты материалында жер бетіндегі аумағы бойынша ең үлкен қала деп берді. Бірақ материалдың өзінде басқа мемлекеттердің деректерін көрсетпеген. Сонымен қатар, бір материалда бірнеше ең оңай табылатын деректерді тексермеген.

Factcheck.kz