Стратегиялық жоспар 2025: Қазақстан саяси-экономикалық рейтиңдері жақсарды ма?

Factcheck.kz редакциясы экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен құрылған 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың бір бөлігінің орындалғанын тексеріп көрген-ді. Материалдың екінші бөлігі ретінде жоспарда көрсетілген Қазақстанның экономикалық-саяси жағдайына қатысты халықаралық рейтиңдердегі жай-күйін тексеріп көрді.

Жоспар: 2025 жылға дейін сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде — 35 балл.

Үкім: Орындалды

2024 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 40 балмен 88-орынға көтерілген.

Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (Corruption Perception Index, «CPI») — бұл сыбайлас жемқорлық деңгейін баллдық жүйеде бағалайтын әлемдік рейтиң. 2024 жылғы рейтиңде 180 ел қамтылған. Елдердегі жемқорлық деңгейі 0 мен 100 балл арасындағы бағаланады. Балдың жоғарлауы жемқорлық деңгейінің төмендеуімен сипатталады. Қазақстан үкіметі жоспар құрған уақытта яғни, 2016 жылы 29 балмен 131-орында болған болса, қазір 40 балмен 88-орынға көтерілген.

Жоспар: 2025 жылға дейін заң үстемдігі индексінде — 55-60-орын.

Үкім: Орындалмады

2024 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан заң үстемдігі индексінде 65-орынға жайғасқан.

Заң үстемдігі индексі (Rule of Law Index) — әлем елдеріндегі демократия, адам құқықтары және өзге де құқықтық көрсеткіштердің негізге ала есептелінетін рейтиң. Оны Дүниежүзілік әділет жобасы (WJP) жүргізеді. Рейтиңде негізінен 142 ел енгізілген. Елдердің көрсеткіштері 0 мен 1-дің арасында бағаланады. Қазақстан 2016 жылы 0,5 балмен 73-орында болса, 2021 жылы 0,52 балмен 66-орынға көтерілген. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 0,54 баллмен 65-орынға жайғасқан. Үкіметтің жоспары бойынша еліміз осы уақытқа дейін 55-60-орындарда болуы тиіс еді. Алайда жоспар орындалмады.

Жоспар: 2025 жылға дейін Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде — 40-орын.

Үкім: Дәлелденбеген

Дүниежүзілік экономикалық форум жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтиңін жүргізуді 2020 жылы тоқтатқан. Қазір рейтиңді IMD ұйымы жүргізеді. Бұл ұйымның рейтиңінде Қазақстан 35-орынға жайғасқан. Алайда, ДЭФ пен IMD рейтиңдерінің есептеу жүйесі әртүрлі болғандықтан, дәлелденбеген деген үкім қойдық.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі — экономика, кәсіп, басқару жүйесі және инфрақұрылым деңгейлерін салыстыра отырып жүргізелетін әлемдік рейтиң. Үкімет жоспарында көрсетілген Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) сайтында жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтиңдерінің кейінгі шығарылымы 2020 жылы тоқтаған. Дегенмен, сол жылдан бастап бұл рейтиңді IMD (International Institute for Management Development) ұйымы жүргізеді. Бірақ, екі ұйымның рейтиң жүргізу методологиясы екі түрлі екенін ескеру керек. Мәселен, WEF рейтиңі 12 критерийден құралып, 138 ел қамтылып, 7 баллдық шкалада бағаланса, IMD рейтиңі 20 субфактордан құралған, 100 балдық шкаламен салыстырылып, 67 ел қатысқан. Қазақстан 2024 жылы 66,03 баллмен рейтиңде 35-орында болған. 2016 жылы 53-орын, 2021 жылы 32-орынға жайғасқан.

Жоспар: 2025 жылға дейін Дүниежүзілік банктің мемлекеттік басқару тиімділігінің индексінде — 80-100-орын (60–75 процентиль.)

Үкім: Ішінара орындалды

Дүниежүзілік банктың кейінгі дерегі, яғни 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 85-орында болған, алайда 60-75 процентиль көрсеткіше жете алмаған, 57 процентиль болады.

Дүниежүзілік банктің мемлекеттік басқару тиімділігінің индексі (WGI) — халық дауысы, саяси тұрақтылық және зорлық-зомбылық пен терроризмнің болмауы, үкіметтің тиімділігі, саяси реттеу сапасы, заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес секілді критерийлерді қамтитын әлемдік рейтиң. Рейтиңде 200-ден астам ел көрсетілген. 0 мен 100 арасындағы процентиль көрсеткішпен есептелінеді. Рейтиң 2025 жылдың 28-қаңтарында жаңартылғанымен, ондағы кейінгі дерек 2023 жылдың көрсеткіштері. Қазақстан 2023 жылы 57 процентильмен 85-орында болған.

Жоспар: 2021 жылға дейін экономика күрделілігінің индексінде — 70-орын (-0,3 балл)

Ескерту: Дүниежүзілік банктың кейінгі шығарылымында, яғни 2024 жылғы жарияланымында тек 2021 жылғы деректер ғана берілген. Сол себепті біз жоспардың 2025 жылға дейінгі бөлігін тексере алмаймыз. Дегенмін, үкімет жоспарының алғашқы бөлігі, яғни 2021 жылға дейінгі бөлігінің орындалғанын тексеруді жөн көрдік.

Үкім: Орындалмады

Дүние жүзілік банк ұсынатын деректерде Қазақстан 2021 жылы 85-орынға жайғасқан. Балдық көрсеткіш те тиісті деңгейге жетпеген. Жоспар бойынша -0,3-ке жетуіміз керек, болса, сол жылы -0,47 балл болған. Яғни, жоспар орындалмаған.

Экономика күрделілігінің индексі (ECI) — елдердің экспорттық қоржынының әртүрлілігі мен күрделілігіне негізделген рейтиң. Рейтиңдегі деректерді жинаушы Гарвард университеті деп көрсетілген. Рейтиңде 133 ел деп жазылған. Қазақстан 2016 жылы 106-орында болып, -0,47 балл болса, 2021 жылы дәл осы баллмен яғни, -0,47 балл жинап, 85-орынға көтерілген.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz