«Шекарасыз тілшілердің» жаңарған есебі: сөз бостандығының бүгінгі сипаты

14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералды агенттікті, соның ішінде Америка дауысы мен Азат Еуропа/Азаттық радиосын басқаратын АҚШ-тың Жаһандық медиа агенттігі (USAGM) қызметкерлерін қысқартуға бұйрық берді. Кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы донат жүйесін іске қосып, қаржылай қолдағысы келетін оқырманы мен көрерменінен көмек сұрады. Қазір Қазақстанда бірнеше медиа, соның ішінде Factcheck.kz, Власть, Уральская неделя басылымдарында да осындай жүйе жұмыс істеп тұр. Қаржыдан қиналған медиа ұйымдарға аудиториясы көмектесе алады.

Тек Қазақстанда емес, басқа елдерде де қолданыста бар мұндай жүйенің кеңінен қолданыла бастауының негізгі себептерінің бірі — экономикалық тұрақсыздық. Осы мәселе 2025 жылдың мамырында «Шекарасыз тілшілердің» (RSF) жариялаған есебінің негізгі тақырыбына айналды.

Ұйымның жазуынша, журналистерге қарсы физикалық шабуылдар баспасөз бостандығына жасалған ең негізгі зиянкестік болса да, экономикалық қысым да үлкен мәселе. RSF Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексіндегі экономикалық көрсеткіш қазір бұрын-соңды болмаған, сыни төмен деңгейде тұрғанын жазады, өйткені оның төмендеуі 2025 жылы да жалғасты. Нәтижесінде, қазір индекс тарихында алғаш рет баспасөз бостандығының жаһандық жағдайы «қиын жағдайда» деп бағаланды.

RSF «Баспасөз бостандығы әлемнің көптеген елінде алаңдаушылық тудыратын құлдырауды бастан кешіріп жатқан кезде, БАҚ-ты елеулі әлсірететін, бірақ көбінесе бағаланбайтын фактор —  экономикалық қысым», – деп жазды. Мұның көпшілігі меншік шоғырлануына, жарнама берушілер мен қаржылай қолдаушылардың қысымына және шектеулі немесе ашық емес түрде бөлінетін қоғамдық көмекке байланысты. RSF индексінің экономикалық индикаторымен өлшенген деректер бүгінгі ақпарат құралдарының редакциялық тәуелсіздігін сақтап қалу мен экономикалық өміршеңдігін қамтамасыз етудің арасында тұрғанын анық көрсетеді.

Қызылға боялған карта

Жер бетіндегі халықтың жартысынан астамы тұратын 42 елде жағдай «өте ауыр» деп бағаланды. Бұл аймақтарда баспасөз бостандығы мүлдем жоқ және журналистикамен айналысу аса қауіпті. Бұл Палестинада (163-орын), Израиль армиясы 18 айдан астам уақыт бойы журналистиканы құртып, 200-ге жуық БАҚ қызметкерін, оның ішінде кемінде 43-і жұмыс кезінде өлтірілген. Израиль (112-орын) 11 сатыға төмендеп, индексте құлдырауын жалғастырды.

Орталық Азияда Қырғызстан (144-орын) мен Қазақстан (141-орын) аймақты түңілте түсті. Шығыс Африканың үш елі – Уганда (143), Эфиопия (145) және Руанда (146) биыл «өте ауыр» санатқа енді. Гонконг (140-орын) да қызыл аймаққа алғаш рет көшті. Таяу Шығыста Иордания (147-орын) негізінен баспасөзге қарсы қолданылатын репрессиялық заңнаманың арқасында 15 орынға төмендеді.

Әлемдегі жағдай

RSF баспасөз бостандығының әлемдік индексін анықтайтын бес негізгі индикатордың ішінен журналистиканың қаржылық жағдайын және салаға экономикалық қысымды өлшейтін индикатор 2025 жылы әлемнің жалпы көрсеткішін төмендеткенін жазады.

2025 жылғы RSF Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексіндегі экономикалық көрсеткіш тарихтағы ең төменгі нүктеде, ал әлемдегі жағдай қазір «қиын» деп бағалаған.

RSF-тің 2025 жылғы Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексі үшін жинаған деректеріне сәйкес, бағаланған 180 елдің 160-ында БАҚ қаржылық тұрақтылыққа «қиындықпен» жетеді немесе «мүлдем» қол жеткізе алмайды.

34 ел кейінгі жылдары журналистердің бас ауғалауына алып келген бұқаралық ақпарат құралдарының жаппай жабылуымен ерекшеленген. Бұл әсіресе Никарагуада (172-орын, 9 орынға төмен), Беларусьте (166-орын), Иранда (176-орын), Мьянмада (169-орын), Суданда (156-орын), Әзірбайжанда (167-орын) және Ауғанстанда (175-орын) өзекті, яғни экономикалық қиындықтар саяси қысымның әсерін күшейтеді.

Медианың шоғырлануы және онлайн-платформалардың үстемдігі

Қаржыландыруды елеулі қысқарту — Google, Apple, Facebook, Amazon және Microsoft сияқты технологиялық алпауыттардың ақпарат таратудағы үстемдігімен әлсіреген медиа-экономикаға қосымша соққы. Бұл негізінен реттелмейтін платформалар әдетте журналистиканы қолдайтын жарнама кірістерінің үнемі өсіп келе жатқан үлесін сіңіріп жатыр. Әлеуметтік желілер арқылы жарнамаға жұмсалған жалпы шығын 2024 жылы 247,3 млрд АҚШ долларына жеткен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ке артық. Бұл онлайн-платформалар ақпараттық кеңістікті одан әрі қиындатып, манипуляциялық және адастырушы контенттің тарауына ықпал етеді, дезинформацияны күшейтеді.

Баспасөз бостандығының жаһандық жағдайы алғаш рет «қиын»

Он жылдан астам уақыт бойы индекстің нәтижелері бүкіл әлемде баспасөз бостандығының құлдырауы туралы ескертті. 2025 жылы жаңа төменгі балл пайда болды: барлық бағаланған елдің орташа балы 55-тен төмен түсіп, «қиын жағдай» санатына енді. Он елдің алтауында (барлығы 112) индекстегі жалпы ұпайы төмендеді.

Индекс тарихында алғаш рет елдердің жартысынан көбінде журналистикамен айналысу шарттары «қиын» немесе «өте ауыр» ал төрттен біреуінде қанағаттанарлық.

Қазақстандағы медиа кеңістік

Дегенмен Қазақстанның үкіметі өзіне тәуелді медиа ұйымдарға бөлінетін қаржы көлемін арттыруға ниетті. «Құқықтық медиаорталықтың» талдауына сай, жыл өткен сайын мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге бюджеттен ақша көбірек бөліне бастаған. Егер 2024 жылы 63 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінсе, келесі үш жылдың әрбіріне (2025-2027) шамамен 67 млрд теңге (жалпы сомасы — 200 млрд теңгеден астам) бөлінген.

2025 жылдың сәуір айындағы жағдайға сай, елімізде 4 843 бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) есепке қойылған, оның 235-і – телеарна, 97 – радио және 1 219 интернет БАҚ. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінің жылдам дамуына қарамастан, жауапты органның жазуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі мерзімді баспа болып қалып отыр, олардың саны – 2 989 (газет саны – 1923, журнал саны – 1066).

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетінің редакциямызға берген жауабына сәйкес, 2025 жылдың 1 мамырындағы жағдайға сай, елімізде 528 мемлекеттік медиа жұмыс істейді. Оның ішінде 20-ы телеарна, 3-і радио, 484-і мерзімді баспасөз басылымы болса, 21-і интернет-ресурсы.

528 мемлекеттік медиа жалпы 4 843 БАҚ-тың аз бөлігі болып көрінуі мүмкін. Медиа кеңістікке мемлекеттік БАҚ арқылы әсер ету үкіметтің жалғыз құралы емес. Одан бөлек, елде тендерлер мен гранттар жүйесі қалыптасқан. Бұл мемлекеттік емес БАҚ-қа әсер етуге мүмкіндік береді.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz