Threads желісінде Иран зымырандарының видеосы тарады (1, 2). Авторлар видеоны Иранның ресми сайтынан алынғанын жазады. Factcheck.kz видеоның Иран мен Израиль қақтығысына қатысы бар ма екенін тексеріп көрді.

Үкім: Фейк
Видео алғаш рет 2021 жылы 17 қаңтарда YouTube желісінде жарияланған. Иранның әскері туралы бейнелер жариялайтын «IMA media» арнасында зымырындардың арнайы жаттығуы деген мәтінмен шыққан. Кейін видео өзге де платформаларда тарап кетті. 2024 жылы «noghtezan_info» Instagram парақшасы видеоны қайта жариялайды. Кейінгі уақытта тарап жатқан видеолардан осы парақшаның логотипін байқаймыз. Видеоның алғаш «жаттығу» мәтінімен шыққанын ескерсек, Иран мен Израиль қақтығысына қатысы жоқ деген қорытындыға келеміз.
Толығырақ
Маусымның 13-і күні жергілікті уақытпен түнгі 3:30 шамасында Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Кейін Иран билігі де Израильге зымырандар атқылады. Осы тұста медиада қақтығыс туралы фейктер тарай бастады. Factcheck.kz бірнешеуін тексерген еді (1, 2). 23-і маусым күні Threads желісінде тағы бір күмәнді видео жарияланды. Зымырандар ұшқан төмендегі видеоны қолданушылар «Иран зымырандар жіберді, видео Иранның ресми сайтынан алынды» деп жазып жатыр.
Видео алғаш рет 2021 жылы 17 қаңтарда YouTube-тегі «IMA media»арнасында жарияланған. Видеода «RGC Аэроғарыш күштерінің «Мұхаммед пайғамбар 15» кодтық атауы бар зымырандар мен ұшқышсыз соққы беру жаттығулары» деген мәтінді байқауға болады. Сондай-ақ, арнада өзге де Иран зымырандарының бейнелері бар.
2024 жылы «noghtezan_info» Instagram парақшасы видеоны қайта жариялайды. Кейінгі күндері жарияланған видеолар осы парақшадан алынған. Себебі видеодан парақшаның логотипін байқаймыз. Бұл арна да Иран зымырандары туралы өзге де видеолар жариялаған. Кейін осы логотиппен видео өзге тілдерде де тараған. Мәселен хинди тілінде, араб тілінде, ағылшын тілінде.
20 маусым күні Associated Press басылымы Иранда интернет бұғатталғаны туралы хабарлады. Қазіргі күні Иран үкіметінің де, қорғаныс министрлігінің де ресми сайты жұмыс істеп тұрған жоқ. Иран билігінің ресми сайтта видеоны жариялау мүмкіндігі жоқ екенін ескеріп, оның 2021 жылы «жаттығу» атауымен шыққаны, қазір болып жатқан Иран мен Израиль қақтығысына қатысы жоқ екенін көрсетеді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.