Upd 22.05.2025: Материал сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай өзгертілді. Можайск қаласында Сталин ескерткіші 12 мамыр емес, 8 мамыр ашылған. Әблязовтың X желісіндегі жазбасы 1 сағат кеш емес, сағат 20:48-де жарияланған.
Кейінгі күндері Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінде Алматыда Сталинге ескерткіш ашылғаны туралы ақпарат тарап тарады. Барлық дерлік жазбадан «Тоқаев өзінің кумиріне – қазақты миллиондап атып-жойған Сталинге ескерткіш ашты» деген мәтінді байқауға болады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14).

Factcheck.kz редакциясы ақпаратты тексеріп көрді.
Үкім: Жалған
Тараған жазбалардағы суретте көрсетілген Сталиннің ескерткіші Ресейдің Можайск қаласында ашылған. Алматы әкімдігінің сайтында да, президенттің Аqorda сайтында да Сталинге арналған ескерткіш туралы ақпарат жоқ. Шамасы, жазбаны алғаш болып бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жариялаған.
Толығырақ
Биылғы жеңістің 80 жылдығы құрметіне байланысты Ресейдегі Мәскеу облысына қарасты Можайск қаласында Сталинге арналған ескерткіш ашылғаны туралы Можайск муниципалдық округінің әкімдігінің сайты 12 мамыр күні хабарлады. Мұндай мазмұндағы алғашқы жазбаны VK желісіндегі Марк Долгих есімді қолданушы 8 мамырда ескерткіш ашылған кезде жариялаған. Ал, жалған ақпаратқа себеп болған сурет Ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жеке қолданушылардың бірінен алынған (1, 2, 3). Ескерткіштің өзге де суреттерін төменнен көре аласыздар.
Upd 22.05.2025: мәтіннің алғашқы нұсқасында Можайск қаласында Сталинге арналған ескерткіш 12 мамыр ашылғаны жазылған еді.
Ал ескерткіштің Алматыда ашылғаны туралы жазбаны алғаш болып оппозиционер, бұрынғы банкир, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының (Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған) жетекшісі Мұхтар Әблязов жазғанға ұқсайды. Оның Facebook парақшасындағы жазба 15 мамырда Қазақстан уақытымен 20:46-да, ал Instagram мен Х желісінде 20:48-де пайда болған. Одан кейін ақпаратты таратқандар не одан кейін жариялаған немесе Әблязовтың жазбасын бөліскен.
Upd 22.05.2025: мәтіннің алғашқы нұсқасында Х желісіндегі жазба бір сағат кеш шыққаны жазылған еді.
Factcheck.kz редакциясы биыл сәуірде саясаткердің ассамблея мен Ресейге қосылу туралы референдумге қатысты ақпаратын талдаған-ды.
Бұған дейін Алматыда Сталинге арналған ескерктіш 2018 жылы қойылып, кейін оның фильм үшін салынып, түсірілім аяқталғасын алынып тасталғаны жазылған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.