Қазақстандағы ұлтаралық араздықпен цензурасыз күресуге бола ма?

Сындарлы немесе даулы пікірлер жариялау, әсіресе олар ксенофобия ретінде қабылдануы мүмкін болған жағдайда, мұз үстінде жүрумен тең — белгілі бір қауіп бары анық, бірақ нақты ережелер мен өлшемдер белгіленбеген. Қазақстанда өшпенділік тілін реттеу негізгі екі мәселеге байланысты күрделене түседі:

  1. Ұлтаралық қақтығыстар кезінде қауіпті риториканың тарауын бақылаудың қиындықтары. Бұл жаһандық үрдіс және барлық елге ортақ мәселе.
  2. Қолданыстағы заңнамалық тетіктердің тиімсіздігі, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабындағы «Ұлтаралық араздықты қоздыру» туралы тұжырымдаманың тым жалпылама әрі түсініксіз сипатта болуы және сот сараптамасының жабық әдістемесі.

Белгілі әрі түсінікті өлшемдердің болмауы құқықтық белгісіздікке әкеледі және пікір алуандығына қысым жасау құралы ретінде пайдаланылады. Билік журналистер мен белсенділерді сын мен сатира үшін жауапқа тартады, алайда сонымен бірге соғыс пен зорлық-зомбылықты ашық насихаттап, ұлтаралық араздықты қоздырып жүргендер кейде жазасыз қалады.

Қаңтар оқиғасына қатысты Темірлан Еңсебек пен Дана Орманбаеваға қарсы қозғалған қылмыстық істер дәл осы мәселе төңірегінде үлкен талқы тудырды.

Осы мәселеге шешім бола алатын немесе кем дегенде тірек ретінде қолдануға болатын әдістердің бірі — БҰҰ Адам құқы жөніндегі кеңесі 2013 жылы бекіткен алты сатылы тест. Бұл тест өшпенділік тілінің қоғамға қаншалықты қауіпті екенін анықтауға көмектеседі.

Factcheck.kz редакциясы ой еркіндігі мен заңмен жазалануға тиіс өшпенділік тілі арасындағы шекара қай жерден бітіп, интернеттегі араздық тудыратын коммуникацияларды қалай реттеуге болатынын талдап көрді.

Өшпенділік тілі дегеніміз не және ол қай кезде заңмен жазалануы керек?

Өшпенділік тілі (hate speech) — бұл белгілі бір адамға немесе адамдар тобына ұлты, азаматтығы, тұрғылықты жері, гендерлік сәйкестігі, әлеуметтік мәртебесі, діни немесе саяси көзқарасы және басқа да ерекше сипаты бойынша бағытталған эмоционалды түрде агрессиялы, кемсітушілік сипаттағы мәлімдемелер. Халықаралық құқықта бұл сипаттар «қорғалған».

Өшпенділік тілі вербалды және бейвербалды болуы мүмкін. Ол әртүрлі коммуникация арналары арқылы тарайды: сөз, бейне немесе басқа да ақпарат түрінде. Оның көріністері арандатушылық, қорлау, мазақтау түріндегі «жұмсақ» формалардан бастап, тікелей зорлық-зомбылыққа шақыруға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан оны нақты бір санатқа жатқызу және құқықтық бағасын беру оңай емес.

Өшпенділік тілі – қауіпті, себебі ол қоғамдағы поляризацияны күшейтіп, адамдарды «біз» және «олар» деп екіге бөледі, стереотиптердің қалыптасуына, зорлық-зомбылықты ақтауға және ақырында оның болуына алып келеді.

Өшпенділік тілі қауіп деңгейіне байланысты рұқсат етілетін (салыстырмалы түрде қауіпсіз) өшпенділік тілі, рұқсат етілмейтін «қатаң» өшпенділік тілі деп екіге бөлінеді.

Қоғамға ең үлкен қауіп төндіретіні – екінші түрі. Ол құқық қорғау органдарының араласуын қажет етеді. Оның негізгі белгісі – өшпенділікті қоздыру, тікелей зорлық-зомбылыққа шақыру, бір топтың басқалардан артықшылығын насихаттау және қудалауды заңдастыруға ұмтылу.

Өшпенділік тілінің заңмен жазаланатын және тек моральдық тұрғыдан айыпталатын түрлерін ажырату мәселесі тіпті заңгерлер үшін де оңай емес. Сондықтан халықаралық қауымдастық БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2013 жылы бекіткен Рабат іс-қимыл жоспарының негізінде алты сатылы тест әзірледі.

Қандай да бір мәлімдемені қылмыстық құқықбұзушылық деп санау үшін төмендегі алты критерий орындалуы тиіс:

  1. Контекст – айтылған сөздің әлеуметтік және саяси жағдайы ескеріледі.
  2. Спикер – автордың мәртебесі мен аудиторияға ықпалы бағаланады.
  3. Ниет – автордың белгілі бір мақсатты көздеуі және оның сөзі мен аудитория арасындағы байланыс талданады.
  4. Мазмұн мен форма – мәлімдеменің тілі, стилі, аргументтер балансы, арандатушылық деңгейі мен тіке үндеуі зерттеледі.
  5. Әсер ету деңгейі – аудиторияның ауқымы, мәлімдеменің жариялылығы мен таралу арналары есепке алынады.
  6. Салдарының ықтималдығы мен бұлтартпастық – мәлімдеме белгілі бір топқа қарсы нақты әрекеттерге әкелуі мүмкін бе, соны анықтайды.

Өшпенділік тілінің рұқсат етілетін және тыйым салынатын шекараларын ең егжей-тегжейлі түсіндіру ARTICLE-19 ұйымының тәжірибелік нұсқаулығында берілген.

Қазақстан үшін сабақ

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы сарапшылар тарапынан бірнеше рет сынға ұшырады, өйткені ол өзінің тиімсіздігін көрсетіп қана қоймай, көбіне пікір алуандығын басу құралы ретінде қолданылады.

Бұл мәселені шешу үшін нақты өлшем (мысалы, алты сатылы тест) әзірленіп, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілуі қажет. Бұл нормалардың еркін түсіндірілуі мен олардың теріс пайдаланылуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Өшпенділік тілімен күреске бағытталған заңнаманың тиімділігінің негізгі көрсеткіші – оның тарау деңгейінің төмендеуі және құқықбұзушылықтардың қайталануының азаюы. Басқаша айтқанда, егер жазаланған адам қауіпті риторикасын тоқтатса және оның жақтастары сақтық таныта бастаса, онда құқықтық жүйе тиімді жұмыс істеп жатыр деуге болады.

Сонымен қатар, қолданылатын жаза әділ және пропорционалды болуға тиіс. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, алғашқы құқықбұзушылық кезінде қылмыстық жауапкершілікке тартудан гөрі азаматтық-құқықтық және әкімшілік шаралар тиімдірек. Өйткені қатаң жаза арандатушыларды «құрбан» етіп көрсетіп, оларды және олардың жақтастарын одан әрі радикализациялауы мүмкін.

Ұлтаралық араздықты қоздыруға қатысты істерді қарау кезінде объективтілікті қамтамасыз ету үшін сот сараптамасының әдістерін жаңарту, сарапшылардың біліктілігін арттыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын күшейту қажет.

Сонымен бірге, өзін-өзі реттеу мен интернет-коммуникация мәдениетін көтеру – ұлтаралық қақтығыстардың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі. Практикалық нұсқаулық ретінде 2022 жылы қазақстандық және халықаралық сарапшылар әзірлеген QazNetEtiquette этика кодексі ұсынылады. Бұл – ақпараттық кеңістікте өзін-өзі ұстаудың 10 қағидасынан тұратын құжат.

MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Джалилов QazNetEtiquette кодексінің нормативтік акт немесе заң емес екенін айтады. Бұл – ең алдымен, өзін-өзі реттеу құралы. Өкініштісі, Қазақстан мен Орталық Азияда өзін-өзі реттеу тәжірибесі әлі де жеткілікті дамымаған, бірақ ол халықаралық желілік қауымдастықтарда сәтті қолданылып келеді. Кодекстің мақсаты – жауапкершілікті және өркениетті коммуникация мәдениетін дамыту, онда пайдаланушылар интернеттегі қарым-қатынасты өздері реттеп, қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың ушығу қаупін болдырмауға тырысады.

Өкініштісі, қоғамда қақтығыстардың мүлдем болмауын қамтамасыз ету мүмкін емес. Әртүрлі елде бұл мәселені шешу үшін репрессивті шаралар, өзін-өзі реттеу немесе осы екі тәсілдің үйлесімі қолданылады. Өшпенділік тілі мен жалған ақпаратқа кешенді қарсы тұру үшін азаматтардың білім деңгейін, медиа сауатын арттырып, оны реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру қажет.

Фактчекер. Координатор образовательных и исследовательских программ МЦЖ Medianet. Проектный менеджер сервиса опросов Demoscope

Factcheck.kz