Атырауда тыныс алу жолдары ауруы көбейіп жатқаны рас па?

«Ауадан не иіс шығады?». Бұл сұрақ атыраулықтар жиі қоятын, үйреншікті сауалына айналды. Атырауда жағымсыз иіс пен бас ауруына шағым жиі естіледі. Әлеуметтік желілерде – түтін басқан қаланың суреттері, билікпен кездесулерде – зиянды заттардың шығарындысы туралы сұрақтар жиі көтеріледі. Жиі айтылатын мәлімдеме: лас ауа денсаулыққа, соның ішінде тыныс алу органдарына әсер етеді дейді. Бұл рас па? Атыраулықтардың денсаулығы шынымен нашарлап бара ма? Осы сұрақтың жауабын Factcheck Dive түлегі Айнұр Сапаров іздеп көрді.

Әзірге спойлер: бұған дейін 2022 жылы Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Бекешова брифингте Атырауда ауаның ластануынан тұрғындардың жиі ауыра бастағанын растады. Ауаға тараған ластаушы заттар тыныс алу органдары ауруының өсуіне әкелді деген ол: «Атырау тұрғындарының денсаулығына өндіріс орындарының жұмысы кері әсер етіп отыр» деп мәлімдеген.

Маусым ұмытылмас ай болды

2025 жылғы 13–18 маусым аралығында Атыраудың әртүрлі аудандарындағы тұрғындар ыс пен түтін, шуаш иісіне ұқсас жиі кездесетін жағымсыз иістерге шағымданды. Дем алу қиынға соқты. “Ақ жайық” редакциясы жолдаған ресми сауалхатқа жауап ретінде облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешова 16 маусым күні Тасқала ауылында, Атырау мұнай өңдеу зауыты маңында ауа сапасына бақылау үшін ауа сынамасын алғанын хабарлаған.

Экспресс-талдау нәтижелері бойынша басты ластаушы заттар бойынша шекті мөлшерден асу анықталмаған:

  • күкіртсутегі — 0,001 мг/м³ (рұқсат етілгені – 0,008 мг/м³),
  • көмірсутектер C1–C5 — 21 мг/м³ дейін (норма — 50),
  • көмірсутектер C6–C10 (бензол, толуол, ксилол және т.б.) — анықталмаған.

Алайда санитарлық қызмет өкілдері ескерткендей: көрсеткіштер рұқсат етілген деңгейден аспаса да, мұндай заттардың ұзақ әсері, әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге, қарттарға және созылмалы ауруы бар адамдарға өте қауіпті.

Жоғарғы мөлшерлер қайда тіркелді?

Дегенмен, артық ластаушы заттар тіркелген жағдайлар да болды. «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мәліметінше, маусым айында күкіртсутек пен көміртек тотығы бойынша шекті мөлшерден асу анықталған.

Сондай-ақ маусым айында 109 желісі арқылы келіп түскен тұрғындар шағымдарына байланысты санитарлық қызмет жоспардан тыс тексерулер, яғни ауа сынамасын алып, талдаулар жүргізген. 3, 16 және 20 маусым күндері алынған 420 ауа сынамасының тоғызында көміртек тотығы шектен асып кеткен.

2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында СЭС мамандары санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 6588 ауа сынамасын тексерген. Соның 18-інде шекті рұқсат етілген мөлшерден арту тіркелді. Артық заттар:

  • марганец – 3 жағдай,
  • формальдегид – 6,
  • күйе – 3,
  • қорғасын – 3,
  • көмірсутектер C6–C10 – 3.

Мониторинг 24 компонент бойынша жүргізіледі: күкіртсутек, күкірт пен азот диоксидтері, бензол, изопропилбензол, қорғасын, аммиак, формальдегид, күйе, марганец, хром, көмірқышқыл күкірті, PM2.5 және PM10 (ұсақ шаң бөлшектері) және т.б.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметіне сәйкес, 2019 жылы атмосфералық ауаның ластануы (ашық ауада) әлем бойынша 4,2 миллион адамның мезгілсіз өліміне себеп болған. Бұл өлімнің басты себебі – ұсақ шаң бөлшектері (мелкодисперсные частицы), олар өкпеге терең еніп, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және онкологиялық ауруларды тудырады. Мұндай шаңды өндіріс орындары, көлік, отын жағу, шаңды дауыл мен өрттер шығарады.

Атырауда қай кезде тыныс алу қиындай түседі?

СЭС мамандары ауа сапасы әсіресе төмендейтін мезгілдерді атап көрсетеді:

  • Көктем (наурыз–сәуір): жылынумен бірге газдар бөлінісі артады;
  • Жаз (шілде–тамыз): ыстық, ауа қозғалысының болмауы, қамыстың жануы мен кәсіпорын шығарындылары;
  • Күз (қыркүйек): түнгі уақытта күкіртсутектің көбеюі.

Атмосфераға зиянды заттар шығаратын негізгі көздер – өндіріс орындары, көлік пен коммуналдық инфрақұрылым. СЭС дерегі бойынша, әсіресе мына мекемелердің үлесі басым:

  • «Теңізшевройл» ЖШС,
  • «Ембімұнайгаз» АҚ,
  • «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС,
  • «Атырау мұнайқұбыры басқармасы» АҚ,
  • «Атырау» МГБ (Интергаз Орталық Азия),
  • NCOC B.V.,
  • «АТЭЦ» АҚ,
  • «Спецавтобаза» ЖШС,
  • автокөлік құралдары,
  • қамыстың маусымдық жануы.

Медицина не дейді: нақты деректер

СЭС пен Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық денсаулық сақтау ғылыми орталығы 2013–2024 жылдардағы тыныс алу жолдары ауруы бойынша ресми статистиканы саралады. Нәтиже көңіл көншітпейді.

Ең үлкен өсім 2023 жылы тіркелген. Ең жоғары көрсеткіштер Индер және Мақат аудандарында байқалады. Одан кейін — Исатай, Қызылқоға және Жылыой аудандары.

COVID-19 пандемиясы кезінде — 2020–2021 жылдары — облыста (қала және аудандар) тыныс алу ауруы күрт артты, бір кезеңде 100 мың адамға 17 мың жағдайға жеткен. Кейінгі екі жылда төмендеу байқалғанымен, көрсеткіш тұрақты түрде жоғары — 12 мыңнан астам.

Соның ішінде пневмония бойынша:

  • 2013 жылы — 228 жағдай;
  • 2020 жылы (пандемия шарықтаған кезде) — 1813;
  • 2021 жылы — 2082,6;
  • 2023 жылы — 658,3.

Пандемиядан кейін төмендеу бар, бірақ бұрынғы деңгейден 2,4 есе жоғары. Қызық жайт — облыс бойынша пневмония төмендегенімен, Қызылқоға мен Мақат аудандарында соңғы екі жылда бұрынғыдан да жоғары көрсеткіш тіркелген. Бұл не эпидемиологиялық жағдайдың шын нашарлауын, не анықтау мен диагностика сапасының жақсарғанын білдіруі мүмкін.

Созылмалы бронхит пен бронхиалдық астма көрсеткіштері де тұрақты өскен. Әсіресе Индер ауданында. Жылыой ауданы бойынша бұл екі ауру түрі туралы 2023 жылғы статистика мүлде жоқ. Мұндай өзгерістер экологиялық жағдайдың нашарлауынан да болуы мүмкін екенін мамандар жоққа шығармайды.

Ресми сауалымызға берген жауапқа сәйкес, 2024 жылы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық денсаулығына әсер ететін ауа сапасының тәуекелдерін бағалау жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, атмосфералық ауа ластануы мен тұрғындар денсаулығы арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталған. Зерттеу Атырау қаласы аумағында жүргізілді.

Атыраулықтарға кеңес

СЭС мамандары қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстануға кеңес береді:

  • ауа ластанған күндері таңертең және кешке далаға шықпау;
  • терезелерді жабу, кондиционердің ауа айналымын қолдану;
  • үй ішін ылғалдандыру;
  • көп су ішу;
  • далада ауыр физикалық белсенділіктен бас тарту;
  • денсаулық нашарлаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу.

Әсіресе, балаларға, жүкті әйелдер мен қарттарға сақ болу қажет — мұндай кезеңдерде далаға шықпағаны дұрыс.

Қорытынды

Сонымен, ауа сапасының денсаулыққа әсері бар ма? Иә, бар. Санитарлық қызмет Атырау атмосферасында зиянды заттардың бар екенін, кейбірінің мөлшері шектен асқанын растап отыр. Бұл заттардың ұзақ әсері мен қаупі де расталды. Денсаулық сақтау мекемелері тыныс алу органдарының аурулары көбейгенін дәлелдеп отыр.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz