Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл болады. Осыған орай Қазақстанның өңірлерінде әртүрлі шара өтпек. Бір аудан фильм түсіруге тендер жарияласа, енді бірі кітап басып шығаруға қаржы бөлген. Сондай-ақ, Астана қаласында үлкен шеру өтті. Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатып алу порталындағы жеңістің 80 жылдығына қатысты жарияланған тендерлерге шолу жасады.
Астанадағы үлкен шеру
Үкімет 2024 жылы жеңістің 80 жылдығына орай өтетін шараларға арнайы жоспар бекітіп, қаулы жариялаған. Қаулығы сәйкес, 6 мамыр мерекелік концерт, 7 мамыр әскери шеру, 9 мамыр гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуі керек. Шараны ұйымдастырушы Астана қаласының әкімдігі мен Қорғаныс министрлігі деп көрсетілген. Қаулыда жоспарды толық орындауға қанша теңге жұмсалатыны жазылмаған. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу порталында да Астанадағы шеру мен концерт туралы тендер жоқ. Бірақ, БАҚ беттерінде елордадағы әскери парадты ұйымдастыруға 2,5 млрд теңге жұмсалатыны жөнінде ақпарат тарады. Басылымдардың дерегіне сәйкес, бұл туралы қорғаныс министрлігі баяндаған. Министрлік өкілі «бұл жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарға, әскер қозғалысына, киім тігуге байланысты шығындар» деген пікір білдірген. Шеруде алғаш рет Қазақстан аумағында жасақталған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алаңнан өтіп, әскери тарих мұражайында сақталған Т-34 танкіндегі жеңіс туының көшірмесі тасымалдантыны баяндалған. Еліміздің әскерилері Мәскеу мен Беларусьтегі парадқа да баратыны айтылған. Министрлік өкілі 400 миллион теңгеге «Қара қыз» және «Әлия» атаулы фильмдер түсірілетіні айтылған. Жұмсалатын шығындар инвестор арқылы тартылмақ.
Енді мемлекеттік сатып алулар порталындағы шығындарға тоқталайық.
Деректі фильм, фотоальбом және кітап
Деректі фильм
Жеңістің 80 жылдығы туралы деректі фильм түсіруге Зайсан ауданының ішкі саясат бөлімі тендер жариялаған. Қарастырылған сома — 2 678 571 теңге. Бір көзден сатып алу арқылы өткен тендердің жеңіспазы — «DAULETBAI» жеке компаниясы танылған. Техникалық сипаттамаға сәйкес, фильмді түсіру мақсаты: тарихты сақтау, ұлттық рухты көтеру, ғибрат беру, тарихи әділдікті қалпына келтіру, эмоция мен байланыс орнату, адамдардың шынайы естеліктері арқылы көрерменге эмоционалдық әсер ету және оларды өткенмен байланыстыру деп көрсетілген. Құжатқа сәйкес, фильм 30 сәуір күні дайын болуы тиіс. Кейін бір ай ішінде облыстық телеарнада көрсетілуі керек. Зайсан аудандық әкімдігі Facebook желісіндегі жазбасында деректі фильм 9 мамыр күні көрсетіледі деп жазды.
Фотоальбом
Президенттің архиві фотоальбом басып шығаруға 7 200 000 теңгеге тендер жариялаған. Тендер жеңімпазы — «Art Premium» мекемесі. Техникалық сипаттамаға сәйкес, қазақ, орыс және ағылшын тілінде 1 000 дана фотоальбом шығарылады. Альбом кемінде 256 бет болуға тиіс. Мұқаба дизайны тапсырыс берушімен келісіледі. Тендер жеңімпазы ҚР президентінің архивінен 3 жұмыс күні ішінде архивтік материалдарын сканерлеуі тиіс.
Кітап пен журнал
Астана қаласының мемлекеттік архиві «Тағдыры тарихқа айналған …» атаулы кітапты шығаруға 6 982 142 теңгелік тендер жариялады. Жеңімпаз — «Infinitum» жеке кәсіпкерлігі. Тендер хаттамасында, жеңістің 80 жылдығына арналған «Данқты батыр Әлмұқан Сембинов» кітабын шығаруы керек екені көрсетілген. Техникалық сипаттамада 210х270 форматында, 500 дана кітап басып шығатыны жазылған. Қызметтің аяқталу уақыты 2025 жылдың сәуірі деп көрсетілген. Мамырдың 5-і күні президент жанындағы орталық коммуникация қызметінің сайтында Әлмұқан Сембиновке арналған кітаптың тұсаукесері өткенін хабарлады.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының білім басқармасына қарасты М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі жеңістің 80 жылдығына орай түрлі-түсті ақпараттық-танымдық журнал шығару қызметіне 3 660 000 теңге жұмсаған.
Интерективті көрме
ҚР президентінің архиві жеңіс күніне орай тағы бір тендер жариялады. 1941-1945 жылдар аралығындағы тарихи деректерге интерактивті көрме дайындауға 1 071 428 теңге бөлген. Жеңімпаз — «MID» жеке кәсіпкерлігі. Техникалық сипаттамаға сәйкес, соғысқа қатысқан Қазақстан азаматтарын көрсететін 100 архивтік құжатты (құжаттар, фотосуреттер, газеттер, бейнематериалдар) интерактивті форматта ұсынады.
Өңірлердегі іс-шаралар
Қалаларды сәндеу мен мүсіндерді қайта өңдеу
Қостанай қаласының әкімдігі қала ішін безендіруге 8 377 800 теңге жұмсамақ. Жетісу облысына қарасты Панфилов ауданының кәсіпкерлік бөлімі жеңістің 80 жылдығына арналған Даңқ монументі ескерткішінің жөндеуі үшін 4 017 857 теңге бөлді. Алматы облысындағы Ташкенсаз ауылдық округының әкімдігі де ардагерлерге арналған ескерткішті жөндеуге 4 464 285 теңге қарастырған. Ақмола облысының Бурабай ауданы жеңіс күніне орай көшелерді сәндеуге 7 425 000 теңге қарастырған.
Арнайы жобалар
Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі конференция, форум, семинар секілді арнайы шаралар ұйымдастыруға 3 571 428 теңге қарастырса, Абай облысы әкімдігі «Ерлік даңқы» жобасын іске асыру үшін 6 833 928 теңге жұмсамақ. Жоба ішіне облыстағы ардагерлер туралы сайт жасау, экспедиция жүргізу, кітап шығару, арнайы шаралар ұйымдастыру кіреді. Ал, Шымкент қаласының әкімдігі «Жеңістің 80 жылдығы ұрпақарды біріктіретін естелік!»
патриоттық әлеуметтік жобасына 5 153 571 теңге бөлген. Техникалық сипаттамаға сәйкес, жоба барысында көрме ұйымдастыру, велошеру жарысын өткізу және өзге де іс-шаралар жасалуы керек. Қызылорда облысына қарасты Қармашқы ауданы әкімдігі «Екінші дүниежүзілік соғыс: Жеңістің 80 жылдық шежіресі» атты танымдық конференция ұйымдастыруға 5 315 000 теңге жұмсайды.
Марафон, әскери әндер, көкпар мен өзге де шаралар
Маңғыстау облысы, бейнеу ауданы әкімдігі, жеңістің 80 жылдығына орай жастар арасында спорт марафонын ұйымдастыруға 1 400 000 теңге жұмсаған. Жамбыл облысындағы Талас аудан әкімдігі көкпар ойынын ұйымдастыруға 3 000 000 теңге бөлген. Ал, Ұлытау облысы әкімдігі, соғыс жылдарындағы әндер байқауын жасауға 4 012 500 теңге қарыстырған. Талдықорған әкімдігі «Солдат кашасы» атты мерекелік дастархан жаюға 1 500 000 жұмсаса, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Ізгілік пен естелік» эстафетасын ұйымдастыруға 1 591 071 теңге құртқан.
Біз өңірлердегі қызықты және қомақты қаржы жұмсалатын негізгі тендер туралы жаздық. Негізінен, мемлекеттік сатып алулар порталында жеңістің 80 жылдығы деген мәтінмен 98 тендер жарияланып, материал жазылып жатқанда оның 94-і аяқталған еді. Аяқталған тендерлердің жалпы сомасы — 122 107 258 теңге болады. 5 жыл бұрын 2020 жылы жеңістің 75 жылдығы аталып өткен кезде, мемлекеттік сатып алулар порталында 25 аяқталған тендер жарияланып, жұмсалған шығындардың жалпы құны 45 088 998 теңге болған. Ал, 2024 жылы «жеңіс күні» атауымен 15 аяқталған тендер жарияланып, оларға 23 123 622 теңге жұмсалған еді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.