Factcheck.kz редакциясы Алматы қаласын жарнамалау үшін БАҚ беттеріне мақала жазуға 176 млн теңге жұмсалатыны туралы жазған еді. Біз Алматы қаласы әкімдігінің қызметі жөнінде мақалалар жазуға тағы тендер жарияланғанын байқадық. Қандай медиа, не туралы, қанша мақала жазуы керек екенін анықтап, тендерді ұйымдастырушы мекеме туралы фактілерді зерттеп көрдік.
Әкімдікті мақтау — 44 млн теңге
18 маусым күні “Almaty Business Development Company” ЖШС-і жылдың соңына дейін интернет- БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық мақала жазу қызметіне тендер жариялады. Техникалық ерекшеліктерге сәйкес жеңімпаз мекеме келісім-шартқа қол қойғаннан кейін 15 күн ішінде медиа жоспар әзірлейді. Тендердің негізгі мақсаты тапсырыс берушінің жұмысы мен Алматы қаласы әкімдігінің қызметі туралы мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпараттық, талдамалық PR-материалдар арқылы интернет-БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілерде оң имидж қалыптастыру. Мақалалар Instagram әлеуметтік желісінде кемінде 1 млн жазылушысы бар және арнайы арналарда 20 мың жазылушыры бар медиада жарияланады. Жазылған материалдар 1 жыл сақталуы шарт. Жеткізуші пайдаланылатын фотосуреттерді тапсырыс берушімен алдын ала келісіп жариялайды. Барлығы 108 материал жазылады. Алайда, тендердің қызық тұстары бар.
Мақалалар әкімдік жұмысының жарнамасы болса да, сайттың негізгі бетінде PR деген таңба болмауы қажет. Жарияланатын материалдар «Алматы қаласы әкімдігі», «Алматы қаласы экономикасын дамытудағы рөлі», «Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы», «Алматы әкімдігінің қызметі туралы» және т.б. тақырыптарда жазылуға тиіс.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, мадақ мақалар мына медиа ұйымдарда жариялануы керек:
- Jarshy.com: 4000 белгі, 5 сурет
- Alash.kz: 3000 белгі, 5 сурет
- Adyrna.kz: 3500 белгі, 2 сурет
- SunqarNews.com: 4000 белгі, 5 сурет
- Democracy.kz: 4000 белгі, 5 сурет
- Qazaqscience.kz: 4000 белгі, 5 сурет
- Zakon.kz: 4000 белгі, 5 сурет
- Kazinform.kz: 5000 белгі, 4 сурет
- Lsm.kz: 4000 белгі, 2 сурет
- Toppress.kz: 5000 белгі, 5 сурет
- Dalanews.kz: 3000 белгі, 5 сурет
- Ult.kz: 4000 белгі, 4 сурет
- Ranking: 7000 белгі, 2 сурет
- Finprom: 7000 белгі, 2 сурет
- Әлеуметтік желілер: 1500 белгі, 50 пост
- Аrasha.kz: қанша белгі екені жазылмаған
- Qaz365.kz: қанша белгі екені жазылмаған
- Nege.kz: қанша белгі екені жазылмаған
- Kun.kz: қанша белгі екені жазылмаған
«Тарихы терең» тапсырыс беруші
Тапсырыс беруші “Almaty Business Development Company” ЖШС өздерінің сайтында 2023 жылы 9 наурызда Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес құрылғанын жазады.
2012-2015 жыл
Алайда kompra.kz дерегіне сәйкес, 2012 жылдың қазан айында бұл мекеме «Көкжайлау» тау-шаңғы курорты ЖШС ретінде тіркелген. Алғашқы уақыттағы құрылтайшысы Алматы қаласындағы «жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу тәртібін жүргізу бөлімі» болған. Ең алғашқыда «жеке көрсетілетін қызметтерді ұсыну» қызметін жасаумен айналысқан. 2015 жылы бірінші рет салық төлеп, қазынға 17 041 497 теңге құйған.
2017-2018
2017 жылы қайта тіркеліп мекеме атауы «Almaty Mountain Resorts»-қа өзгерді. Сол кезеңде құрылтайшысы Алматы қаласы туризм басқармасына ауысты. 2017 жылы 3 435 256,1 теңге, 2018 жылы 23 367 947,93 теңге салық төлеген. Бұл компания 2016 жылы ешқандай салық төлемеген. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар порталында 2017 жылы тіркелген және сол жылдың 18 қазанында алғаш рет тендерге тапсырыс беруші ретінде қатысқан. Компания тендерге жеткізуші ретінде де, тапсырыс беруші ретінде де қатыса береді (1, 2). Жеткізуші ретінде 2017 жылдан бастап 18 тендерге қатысып, бәрін бір көзден жеңген. Сол кезең аралығындағы ұтқан ең қомақты қаржысы 2018 жылы ұйымдастырылған 99 999 999 теңгелік тендер. Тапсырыс беруші ретінде 420 тендер ойнатқан.
2019-2022
2019 жылы қызмет түрі өзгерді. Инженерлік-техникалық жобалау саласындағы қызмет көрсету саласына ауысқан. 29.07.2019 күні құрылтайшысы қайта ауысып, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы болды. Атауы «Qolday» кәсіпкерлік орталығы ЖШС-не өзгерді. 2019 жылы 20 835 769,13 теңге, 2020 жылы 65 306 205,27 теңге, 2021 жылы 73 261 606,19 теңге, 2022 жылы 79 792 989,46 теңге салық төлеген. 2019-2022 жылдар аралығында 6 тендерге қатысып 2 287 542 200 теңге алған.
2023 және қазір
13.03.2023 күні қазіргі директоры Рамазан Айдан Берікұлына қолына өтіп, мекеменің атауы «Almaty Business Development Company»-ға өзгертілді. Біз зерттеп жатқан БАҚ-қа мақала жазу бұл мекеменің ұйымдастырған ең қымбат тендері және 2023 жылдан бастап 6 тендерге қатысып 3 545 593 000 алған.
Осы уақытқа дейін мекемеге қатысты 14 азаматтық іс қозғалған. Барлық іс мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңнамаларды бұзу фактілері бойынша тіркелген. Компанияның қазіргі директоры — Рамазан Айдан Берикович. Осы азаматтың атында тағы бір ЖШС пен жеке кәсіпкерлік бар: 2022 жылы тіркелген «AAA Business Development» ЖШС және ЖК «abr consulting». Екі кәсіпкерлік те Астана қаласы Есіл ауданында тіркелген. Тендерге қатыспаған. Салық төлемеген. Негізгі бағыттары жеке меншік жылжымайтын мүлікті жалдау және басқару.
2023 жылы қалай болды
2023 жылы қандай медиа ұйым Алматы туралы жазғанын айттық. Ал, «Almaty Business Development Company» БАҚ беттеріне ақпарат беру туралы ауқымда тендерді бірінші рет ұйымдастырып тұр. 2023 жылы газет беттеріне ақпарат беру үшін небәрі 20 мың теңгелік тендер ойнатқан. «Алатау Ақпарат» ЖШС жеңіп алған тендерде қазақ және орыс тілдерінде 10 мақала жазу туралы айтылады. «Алатау Ақпарат» ЖШС 2016 жылы мемлекеттік сатып алулар порталына тіркелген. Құрамына «Алматы Ақшамы», «Вечерний Алматы» басылымдары мен Almaty-akshamy.kz және Vecher.kz сайттары кіреді. Тендердің техникалық сипаттамасында қандай тақырыпта мақалалар жазу керегі көрсетілмеген.
Басқа аймақтарда қанша жұмсалады
Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы 2024 жылы БАҚ-қа ақпарат беру қызметіне 40 млн теңге жұмсаған. Техникалық сипаттамасына сәйкес ақпарат 50 БАҚ-та жариялануға тиіс. Тендерді «Case.kz» ЖШС жеңіп алған. Қарағанды облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы ММ-і 2024 жылы 16 млн теңгеге мақала жариялауға тапсырыс берген. Техникалық сипаттамасына сәйкес Қарағанды облысының мәслихаты туралы мақалалар жазылуы керек. Алайда, тендерде жеңімпаз анықталмағасын, Қарағанды облысының мәслихат аппараты ММ-і сатып алулар порталына өздерінің атынан қайта шығарды. Жеңімпаз – «Saryarqa aqparat». Биыл Қонаев қаласы ішкі саясат бөлімі қаланың экономикасы, әлеуметі, білім беруі туралы әлеуметтік желілерде 250 шығарылымға 1,5 млн теңгелік тендер ойнатқан. Абай облысы Семей қаласының ішкі саясат бөлімі ММ-і осы қызметтерге 3,5 млн теңге бөлген.
Бұл не үшін маңызды? Бұған дейін бірнеше рет жазғанымыздай, медиада жергілікті әкімдік қызметін мадақтап жазған мақалалар қаладағы шын мәселелерді шешпейді, тіпті оны шешуге қалай да көмектесетіні күмәнді.