Өзбекстан парламентінің төменгі палатасындағы екі фракция жаппай тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа шақырғанға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Заң жобасында қылмыстық кодекстің 244-бабына (“Жаппай тәртіпсіздік”) билік өкілінің талабына белсенді түрде бағынбау, жаппай тәртіпсіздікке және азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетуге шақыру әрекеттеріне жауапкершілік енгізетін тармақ қосу ұсынылған. Бұл құқықбұзушылықтарға айыппұл, 2 жылға дейінгі еңбекпен түзеу жазасы, 3 жылдан 5 жылға дейін бостандықты шектеу не 3 жылдан 6 жылға дейін бостандықтан айыру қарастырылған.
Сонымен қатар әкімшілік кодекстің 201-бабы аясында (“Жиын, митинг, шеру не демонстрация өткізу, ұйымдастыру тәртібін бұзу) БАҚ-ты, телекоммуникация және интернет желілерін және мәтінді таратудың өзге де амалдарын қолдана отырып заң құжаттарының талаптарын орындамауға жария түрде шақыру әрекетіне жауапкершілік енгізілуі мүмкін.
“Ақпараттандыру туралы” заңның 121-бабына да толықтырулар енгізілмек. Енгізілсе, веб-сайт иелері мен блогерлерге:
- Жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға, митинг пен шеру өткізу тәртібін бұза отырып жиын өткізуге шақыруға;
- Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін жалған ақпарат таратуға;
- Порнографияны, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті насихаттауға, суицидке шақыруға;
- Кәмелетке толмағандарды өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін заңсыз әрекет жасауға арандататын ақпарат таратуға;
- Референдум және сайлау туралы заңдарда бекітілген шектеулерді ұстанбауға;
- Жеке адамның дерегін оның рұқсатынсыз жариялауға;
- Қоғамға, мемлекетке, мемлекеттік символдарға құрметсіздік танытатын ақпарат таратуға (Ресейде 2019 жылы наурызда осыған ұқсас заң қабылданған) тыйым салынады.
Түзетулер аясында сайт иелері өзінің аты-жөнін, заңсыз ақпараттың таратылғаны жөніндегі шағымды жіберуге болатын электронды поштаны көрсетуге міндеттенеді. Әкімшілік кодекстің 121-бабында көрсетілген ақпарат анықталған жағдайда, сайт иесі ол ақпаратты бұғаттау жөнінде жедел шешім қабылдауы керек. Cонымен бірге, пікір білдірушілердің IP-мекенжайын көрсетуге міндеттеуі мүмкін.